Оғыз Доғанның ісіне қатысты сотқа «Эйр Астана» компаниясының бортсеріктері шақырылатын болды. Естеріңізге салсақ, 14-тамызда ұлттық тасымалдаушының әуе кемесінде ұшқан түрік азаматы қызмет көрсетуші бортсеріктен мемлекеттік тілде жауап беруін талап еткен еді. Жанжал, ақыры тараптарды сотқа жетеледі. Қызмет көрсету сапасына қанағаттанбаған жолаушының шағымы бойынша бүгін Түрксіб аудандық сотында алғашқы отырыс өтіп, екі тараптың пікірі тыңдалды. Сотта Оғыз Доғанның адвокаты сол күні қызмет көрсеткен бортсеріктердің үш тілді жетік меңгергенін анықтауды өтінді. Судья оның мұндай ұсынысын қабылдап, келесі тыңдалымға борт-қызметкерлер шақырылсын деген ұйғарым шығарды. Ал «Эйр Астана» өкілі қызметкерлердің үштілді толық білетініне сенімді.
«Эйр Астана» компаниясы мәлімдеме үш тілде бірдей береді. Қазақ тілінде, ағылшын тілінде және орыс тілінде. Сондықтан Оғыз Доған мырзаның талабы біздің бортсеріктеріміз «қазақ тілінде жақсы білмейді», - дегені ол дұрыс емес деп ойлаймын. Енді келесі сот мәжілісінде осы дәлелдемелерді көрсетеміз», - деді «AIR ASTANA» ҰӘК АҚ адвокаты Гаухар СӘЛІМБАЕВА.
Оғыз Доған тарапы бұған дейін ұлттық компаниямен бірнеше рет мәмілеге келуге талпыныпты. Алайда «екінші жақтан ешқандай әрекет болмады», - дейді қорғаушы. Оның сөзінше, «Эйр Астана» істі созбаққа салған. Енді жағдайдың ақ-қарасы соттың келесі отырысында белгілі болмақ.
«Талап арыз деген бар, сотқа дейінгі талап деген бар. Сотқа дейінгі талапты олар әлдеқашан алды. Енді келіп бүгін аспаннан түскендей, бұдан бұрынғы талап арызды көрмегендей болып отыр»,- деді Оғыз Доғанның адвокаты Абзал ҚҰСПАН.
«Эйр Астананың» берген бүкіл ресми мәлімдемелерін қарасаңыз барлық қызметкерлер қазақ тілін еркін меңгерген екен. Енді оның іс жүзінде қалай екенін ертең сотта тексеретін боламыз. Сот өте объективті қаралып жатыр.