Алматыда көлік тонаған топ құрықталды

Алматыда көлік тонаған топ құрықталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде көлік бөлшектерін қолды қылатындар азамай тұр. Жыл басынан бері бір ғана Алматыда 71 ұрлық тіркелген екен. Қарақшылар одан қалды көлік ішіндегі құнды заттарды да үптеп кетудің тың тәсілін тапқан.

Қарақшылар осы уақытқа дейін көліктің дабыл жүйесін бұзып, сканерлеу арқылы машинаны тонаған. Олар құрбандарының артынан аңдып жүріп, көлікті пультпен жапқан сәтте компьютер арқылы дабыл толқынын ұстап алады. Кейін ешкімнен шімірікпестен көлікті тонайды. Оның үстіне, ұрылар қымбат көліктердің оңай шешілетін бөлшектерін шешіп кетеді екен. Ол үшін 1-2 минут қана қажет болады.

Иә, дабыл жүйесі бұзылған сәттен бастап, көлік иесінің пульті істен шығады. Темір тұлпарының қасына келген кезде де ол есікті ашпайды. Ұрылар бұл тәсілді 3 жыл бұрын қолданып бастаған екен.  

Осыдан бір апта бұрын Наурызбек Өтепқалиевтің көлігін қарақшылар тонамақ болған екен. Әдеттегіндей, көлігін есік алдына қаңтарған. Түнгі 1-лер шамасында темір тұлпардың дабылқаққышы белгі беріпті. Бірден көлігіне барса, ұрылар артқы шамды суырып алып жатыр екен.  

«Бірінші айналып қарап шыққам. Сосын артына келіп байқсам сөйтсем машинаның фары шамалы қозғалған екен. Кейін барып камераға қараған кезде екі жігіт беттеріне медицинский маска киіп алып мына втокөліктің артқы фарын шешіп алғысы келген-ау деймін», - деді  көлік жүргізушісі Наурызбек ӨТЕПҚАЛИЕВ.

Өткен демалыста Алмалы ауданының полицейлері бір топ көлік ұрыларын ұстаған болатын. Қарақшылар тонайтын машинаның дабылқаққышын сканерлеу арқылы оны істен шығарып, көлікті оп-оңай ашып алып жүрген. Олар бір күннің ішінде бірнеше көлікті аталмыш әдіспен тонаған.

«Алмалы ауданында көліктердің дабылқаққышын сканерлеу арқылы тонаған азаматтар анықталды. Олардың көліктерінен бірнеше пульт пен жәбірленушілердің құжаттары табылды. Тәркіленген заттар сотта айғақ ретінде қолданылатын болады», - деді  Алмалы ауданы ІІБ тергеушісі Олжас ҚОЖАХМЕТОВ.

Мамандардың сөзінше, қарақшылар көбіне тегін автотұрақтағы көліктерді тонайды екен. Оның оңай шешілетін бөлшектерін 1-2 минуттың ішінде алып кететін көрінеді. Ұрылар көп жағдайда темір тұлпардың айналары мен алдыңғы және артқы шамдарын қолды қылады.

«Ұрылар компьютер арқылы дабылқаққыштың сигналын ұстап алады. Мәселен, көліктің иесі оны пультпен жапқан сәтте, қарақшылар компьютермен пульттің толқынын өздеріне жазып алады. Содан кейін, еш қиындықсыз машинаны ашады. Негізі, кез келген көліктің зауыттан орнатылған дабылқаққышы жақсы болады. Оны ешқандай хакерлер аша алмайды», - деді  ТЖО маманы Құдайберді САВИНОВ.

Мамандар тұрғындарға сақ болып, қауіпсіздік шарасын күшейтуге кеңес береді. Яғни, көлікке сапалы дабыл жүйесін орнатқан жөн, дейді. Жалпы, Алматыда жыл басынын бері көлік тонаған 27 топ құрықталып, 61 адам ұсталған. Осы күні көлік ұрлау фактісі бойынша 71 қылмыстық іс қозғалыпты.    

Өмір Әнуарбек, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров