|
17.08.2018 | 11:00
2730

Астанада Шыңғыс Айтматов атындағы көшенің ашылу рәсімі өтті

Астанада Шыңғыс Айтматов атындағы көшенің ашылу рәсімі өтті

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев пен Қырғызстан Республикасының Премьер-министрі Мухаммедкалый Абылгазиев Астананың сол жағалауындағы енді дамып келе жатқан жаңа ауданда орналасқан Шыңғыс Айтматов атындағы көшенің ресми ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат primeminister.kz сілтеме жасап.

Елордамызда көшеге ұлы жазушы Шыңғыс Айтматовтың атының берілуі бауырлас елдер – Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы достық-туыстық байланыстың тамаша үлгісі.

Шыңғыс Айтматовтың бүкіл шығармашылығы мен өмір жолы қазақ топырағымен тікелей байланысты. Ол өзінің естеліктерінде: «Мен шетке шыққанда әрқашан қастерлеп жүретін екі асылым бар – біріншісі Манас эпосы, екіншісі – Мұхтар Әуезов» деп кездейсоқ жазған жоқ.

«Шыңғыс Айтматов – екі елге тең тұлға, бәріміздің ортақ мақтанышымыз. Бәріміз ұлы қаламгердің шығармашылығын қатар оқып өстік. Бүгін де өскелең жас ұрпақ Шыңғыс ағамызды сүйіп оқиды. Өйткені оның шығармалары бізге өте жақын. Онда екі туысқан халықтың қилы тағдыры мен терең тамыры жатыр», – деді Бақытжан Сағынтаев.

Қырғызстан Премьер-министрі М. Абылгазиев Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Астана көшелерінің біріне ұлы жазушының есімін беру туралы шешім қабылдағаны үшін шын жүректен алғысын білдірді.

«Шыңғыс Айтматов қазақ-қырғыз халықтарының ұлттық игілігі. Қазақстан елордасы көшелерінің біріне жазушы есімінің берілуі өте қуанышты жағдай, себебі Астана – Еуразияның басты әрі күн сайын гүлденіп жатқан қалаларының бірі. Барлық қазақстандықтарды тәуелсіз Қазақстанның символы – Астананың 20 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Бауырлас қазақ халқының барлық жетістіктеріне шын жүректен қуанамыз», – деді Мухаммедкалый Абылгазиев.



Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир