Астанада бүлдіршіндердің көпқабатты үйлерден құлауы жиіледі. Соңғы 7 айда 59 дерек тіркеліп, төртеуі қайғылы жағдаймен аяқталған. Осыған байланысты жергілікті учаскелік полицейлер тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, елмен жүздесіп жатыр. Олар пәтер терезелеріне арнайы қоршау орнату мәселесін тағы қозғады.
Мейіржан Тілеужанов 30 жылдық еңбек өтілі бар кәсіби дәрігер. Оқыста баласы жазым болады деп мүлде ойламаған. Әрдайым көз алдында жүрген сүт кенжесі Дамир ойда жоқта ата-анасының қолы қалт еткенде бірінші қабаттағы терезеден ауып кеткен. Періштесі қаққан болар, бетонға басымен құлаған бүлдіршін дін-аман.
«Қалай болды дейсіздер ғой? Қас қағым сәт. Ол орнынан тұра сала басқа бөлмеге жүгіріп кеткен болатын. Арнайы орнатылған тор қорғамайтын болып шықты.Үстінде екі шеге. Астында мүлде жоқ. Жүрегім дір етте қалды. Басымен құлаған. Аузының барлығы құмға толды. Мен сау тамтығы қалмады ғой деп қорықтым. Бірақ Құдай сақтады. Миы шайқалған. Мұрны мен көзіне сәл зақым келген. Менде хирургпын түсірген кескінді тексеріп көрдім», - деді қала тұрғыны Мейіржан ТІЛЕУЖАНОВ.
Ақ халаттылардың сөзіне сенсек, жыл басынан бері жазым болған 1 мен 7 жас аралығындағы балғындар саны 60 жуықтаған. Бұл көрсеткіш жылдан жылға артып келеді екен.
«Жылдан жылға терезеден құлаған балалардың саны артып келеді. Биылғы жылды алсақ 7 айда 56 бала түсті бізге. Оның 49 терезеден құлаған. 7 бала сатыдан, подьезден құлаған», - деді №2 қалалық балалар ауруханасы травматология бөлімінің меңгерушісі Жарылқасын БЕКТАСОВ.
Қаланың жергілікті учаскелік полиция қызметкерлері болса, ресми түрде тек 29 оқиғаны тіркеген. Оның ішінде, өлімге алып келген сәттер аз емес. Соңғы жағдай тамыздың 3 күні, Сарыарқа ауданындағы көпқабатты үйлердің бірінде орын алған. Дерек бойынша, 7 жастағы бала 5 қабаттан құлап, ауыр жарақат алыпты.
«2017 жылы 4 тамызда дейінгі тіркелген 4 жасар мен 7 жасар аралығындағы балалардың арасында осы уақытқа дейін 29 баланың терезеден құлап кетуіне байланысты және оның 4 өлімге алып келген. Біз халықты жинап, ескерту өткізіп жатырмыз», - деді учаскелік полиция инспекторы Жалғасбек ЖАУЛЫБАЕВ.
Мамандардың айтуынша, бала тағдырына ата-ана жауапты. Көбіне, әке-шеше шыбын-шіркейден қорғауға орнатылған торға сенім артады. Бірақ бұл қате пікір, дейді олар. Себебі, құрылғы артық салмақты көтермейтін көрінеді. Сондықтан қауіпсіздік үшін терезенің құрылымын болмаса, қорғауға арналған арнайы темір тор орнату қажет.
Назым Мәлікқызы, Олжасбек Мәденов, «Алматы» телеарнасы Астанадан