Премьер-министр өңірлердегі ел экономикасына зардабын тигізетін кемшіліктерді сынады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бақытжан Сағынтаев құрылыс пен өндірістің төмен көрсеткіші үшін кейбір министрлік пен әкімдіктерді сынға алды. Премьер-министр біршама ведомстволарға бұл кемшін тұсты тез арада түзетуді тапсырды. Сондай-ақ, Үкімет отырысындағы жиында жыл басынан бергі экономикалық өсім, игерілмеген бюджет пен теңге бағамы сөз болды.

Бақытжан Сағынтаев 7 айдағы экономикалық көрсеткішке тоқталды. Өсімнің төмендемегені қуантқанымен, өспегені аладатады деді премьер. Ол Мемлекет басшысының барлық аймақтарда 4 пайыз өсім болуы керек деген тапсырмасын еске салды.

«Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2018 жылдың алғашқы жеті айы бойынша өсім 4 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткіш белгіленген меже қалпында тұр, сол себепті осы бағыттағы жұмыстарымызды ары қарай жалғастыруымыз керек. Дегенмен, есептерден көріп отырғанымыздай, осы көрсеткіштерге жету үшін министрліктер мен өңірлер бірге жұмыс істеуі тиіс», – деді ҚР Премьер-министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Ел экономикасының өспеуіне аймақтардағы кейбір секторлардың кемшілігі себеп деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев. Әсіресе, облыстарда құрылыс пен өндіріс көрсеткіші төмен. Үкімет басшысы ай сайын Инвестициялар және даму, Энергетика министрліктері және басқа да салалық ведомстволар мен өңірлерге ай сайын ішкі талдау жасап, тиісті есептеулер жүргізуді тапсырды.

Сондай-ақ, отырыста облыстардың бюджетті игеруіне қатысты сын айтылды. Жыл басынан бері бөлінген қаржының 98,6 пайызы немесе 5 триллион 461 миллион теңге тиісті жерге жұмсалса, 75 миллионы әлі жаратылмаған. Оның 9,8 миллионы үнемделуі керек болса, нақтысы – 66 миллион теңге игерілмеген.

«Бұл сомалар келесі мемлекеттік органдарға тиесілі: Қорғаныс министрлігі – 12,5 миллиард, Мәдениет және спорт министрлігі  – 9,7, Ұлттық Қауіпсіздік комитеті - 7,7, Ауылшаруашылық министрілігі – 6,6, Инвестициялар және даму – 5,1 және Ішкі істер департаменті – 3,4 миллиард теңге», – деді ҚР Қаржы министрі Бақыт СҰЛТАНОВ.

Бюджеттің дұрыс игерілмеуіне дер кезінде ойнатылмаған конкурстар мен бюджеттік бағдарламаларды іске асыруға қажетті құжаттардың жоқтығы мен жұмыс кестесінен артта қалу сынды себептер түрткі болған. Бақыт Сұлтановтың баяндамасынан кейін Тимур Сүлейменов теңге бағамының неліктен әлсірегенін айтты.

«Соңғы күндердегі ішкі валюталық нарықта орын алып отырған ахуал геосаяси қысым аясында негізгі сауда серіктесі саналатын елдердің валютасындағы айтарлықтай құбылмалықпен байланысты. Мәселен, 13 тамызда теңге бағамы 1 долларға 363,22 теңгені құрап, тамыз айының басынан бері теңге 4,8 пайызға, ал жыл басынан 9,3 пайызға әлсіреді», – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур СҮЛЕЙМЕНОВ.

Ал Энергетика министрі Қанат Бозымбаев ішкі мұнай өнімдері нарығындағы жағдайға тоқталды. Ведомство басшысы жанар-жағармай тапшылығы жоқ, ішкі нарыққа қажет шамамен бір айлық қор сақталуда деді. Сонымен қатар, министр күзгі егін орағы науқанына орай, фермелерге қажетті көлемінде дизель отыны жеткізілгенін атап өтті.


Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана


Новости партнеров