Алматыда емдеу мекемелерінің саны арта түспек

Алматыда емдеу мекемелерінің саны арта түспек
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда емдеу мекемелерінің саны арта түспек. Қалаға кейін қосылған Наурызбай ауданында салынып жатқан 500 адамды қабылдауға қауқарлы емхана наурыз айында қолданысқа беріледі. Бұдан бөлек, «Таусамалы» ықшам ауданынан да 500 орынды емхана салу жоспарда бар. Бұл туралы Денсаулық сақтау саласының былтырғы жылы жеткен жетістіктерін қорытындыланған жиында мәлім болды.

Былтыр Алматы әкімдігі денсаулық сақтау саласын дамытуға қала қазынасынан 92 млрд теңге бөлген. Қаражат көлемі 2015 жылмен салыстырғанда 31 пайызға жоғары. Қыруар қаржыға заманауи медициналық жабдықтар сатып алынды. Сөйтіп, қажетті құралдармен жарақтандыру көрсеткіші 80 пайызға жуықтады. Бұл өз кезегінде сапаны арттыруға септесіп, медициналық туризмді дамытуға да түрткі болды. Былтыр шет мемлекеттерден Алматыға арнайы келіп 233 науқас ем қабылдапты.

«Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Иран, Ауғанстан сол елдерден келген 1,5 мыңнан астам науқас 2016 жылы ем алды. Негізінен қажет ететін емдер бұл - бала туу, гинекология, кардиохирургия және де челюстно-лицевая хирургия. Осы бағыттар бойынша науқастар келіп ем алды», - деді Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Нұржан ИСАБЕКОВ.

Былтырғы бөлінген қаражат Алматыдағы емдеу мекемелерінің санын айтарлықтай көбейтті. Қалаға кейін қосылған тысқары аумақтарға да медицина нысандары салынды. Мәселен, Сұлусай ауылында фельдшерлік орталық ашылды. Заманауи орын тиісті медициналық жабдықтармен толықты. Енді ауыл халқы дәрігерлердің көмегіне жүгіну үшін шақырымдап жол жүрмейді. Одан бөлек, 6 емханаға жапсарлас ғимарат тұрғызылды. Қалалық клиникалық инфекциялық аурухананың зертхана корпусы биыл қолданысқа беріледі. Психикалық саулық орталығының құрылысы да қарқынды жүріп жатыр. Ал, 500 адамдық Наурызбай ауданында салынып жатқан су жаңа емхана көктемде іске қосылады.  

«Емханаларды науқастарға жақындату мәселесінде қазір «Таусамалы» ықшам ауданында осы жылы 500 адам қабылдай алатын емхана салыну жоспарлануда. Сондай-ақ Алматы қалалық онкологиялық орталық бар, ісіктерді  емдейтін. Сол жерде радиологиялық корпус салынады осы жылы. Психикалық аурулар жататын аурухана қасына қосымша бөлімше салынады», - деді Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Нұржан ИСАБЕКОВ.

Күн сайын қала емханаларына 140 мыңнан астам тұрғын көмекке жүгінеді. 60 мыңнан астам зертханалық және 15 мың диагностикалық зерттеулер жүргізіледі. Жедел жәрдем дәрігерлері тәулігіне 2 мыңға жуық шұғыл шақыртуға барып, қол ұшын созады. Бір тәулікте хирургтар 250-ден астам хирургиялық операциялар, жасайды.

«Алматы қалалық орталығында бір жылда 5 мыңнан астам адамның жүрегіне әр түрлі ота жасалды. Оның 4700-і каронораграфия және соның ішінде стэнтте оталар жасалды. Жедел жүрек инфарктімен түскен науқастардың ішінде 380-не ашық жүрек жағдайында операция жасалды. Инфаркт нәтижесінде жүрек ырғағының бұзылуы болған 280 науқастарға әртүрлі аритмиялық ота жасалды», - деді Алматы қалалық Кардиологиялық орталығының директоры Алмат ҚОДАСБАЕВ.

Алматыда бала өлімі, туберкулезбен ауру көрсеткіші өзге өңірлерге қарағанда әлдеқайда төмен. Алматылықтардың өмір сүру ұзақтығы 75 жасты құрады. Бұл - Еуропа елдеріндегі деңгеймен бірдей. Сондықтан алматылық дәрігерлер былтырғы қарқынды жоғалтпақ емес. Олар медициналық көмекке мұқтаж жандарға қашанда шұғыл жәрдем қылуға әзір.

Айдана Мейрамбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров