ҰҚК: Сириядан елге қайта оралған 57 қазақстандық сотталды

ҰҚК: Сириядан елге қайта оралған 57 қазақстандық сотталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Сириядан елімізге қайта оралған 57 қазақстандық темір торға тоғытылған. Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбековтың айтуынша, олардың басым бөлігі күні бүгінге дейін радикалдық көзқарастан арыла алмай келеді. Бұл Үкіметтегі жиында белгілі болды. Сонымен қатар, Бақытжан Сағынтаев Елбасы тапсырған «Бес әлеуметтік бастаманың» қыр-сырын талқылап, біраз министрге нақты міндеттер жүктелді.

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев өз сөзінде кешегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бастамасы» халқына деген қамқорлығы мен жанашырлығының айқын көрінісі, деді. Сондықтан барша жиналған ведомство басшыларына жұмыстарды мүлтіксіз жүзеге асырып, тиянақты орындау керектігін ескертті. 

«Бұл бастамалардың әрқайсысы халықтың көкейінде жүрген ең маңызды мәселелер. Қарапайым азаматтарға арналған арзан ипотека, табысы төмен жұмыскерлерге салынатын салықты азайту, жоғары білім саласында жыл сайын қосымша 20 мың грант бөлу, ең кемі 75 мың орындық студенттерге жатақхана салу, шағын және орта бизнеске несие көлемін 20 млрд теңгеге арттыру, солтүстік өңірлерге газ тарту, мұның әрқайсысы халықтың әлеуметтік өміріне түбегейлі өзгерістер алып келетін аса маңызды жұмыстар», - деді ҚР Премьер – министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Премьер-министр Президент ұсынған бастамада бесіншісі, яғни елді газдандыру жайы аса маңызды, деді. Сондай-ақ тиісті мемлекеттік және ұлттық компанияларға бір аптаның ішінде аталған жоба бойынша жұмыс тобын құруды тапсырды. Бұған Энергетика министрі Қанат Бозымбаев пен өзінің орынбасары Асқар Маминды жауапты етті.

«Энергетика, қаржы, ұлттық экономика, инвестициялар және даму министрліктеріне тиісті өңір әкімдіктеріне, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ға және «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, бір аптаның ішінде жұмыс тобын құруды және Қызылорда, Жезқазған, Теміртау, Астана бағыты бойынша «Сарыарқа» газ құбырын қаржыландыру мәселесін, оның ішінде халықаралық қаржы институттарынан қажетті қаржыны тарту арқылы аталған мәселені пысықтауды тапсырамын», - деді ҚР Премьер – министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Үкіметте елдің тыныштығы мен қауіпсіздігіне қатысты тағы бір мәселе қозғалды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков бүгінгі дейін Сириядан 125 қазақстандық оралған, олардың 57-і террористтік пиғылы үшін сотталған, деді. Елге келгендерге айықтыру және профилактикалық жұмыстар жүрігізілгенмен, кейбірі радикалдық көзқарастарынан қайтпай жатқандығын да айтты. Бұдан басқа, елімізде діни экстремизм мен терроризмге қарсы 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама жобасын да таныстырды.

«Радикалдар санын азайтуға бағытталған бастапқы міндеттер: діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу шараларын жетілдіру; халықтың радикалдануына сыртқы факторлар ықпалын төмендету, терактілер мен экстремистік акцияларды жасау әрекетінің уақытында жолын кесу;  террористік сипаттағы экстремистік акцияларға іс-шара қолдану жүйесін жетілдіру мен олардың салдарын азайту», - деді ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали БІЛІСБЕКОВ.

Бес жылға арналған бағдарламада 80 іс-шараны орындау көзделген. Оларды іске асыру үшін 270 миллирдтан астам теңге бөлінбек. Оның 210 миллиардқа жуығы республикалық бюджеттен болса, жергілікті бюджеттен 60,7 миллиард теңге қарастырылған.


Новости партнеров