Алматыда жатақхана тапшылығы 2020 жылға қарай шешіледі. Қала әкімдігі жоғары оқу орындары мен колледждерге студенттік жатақханалар салу үшін жер бөлуге, коммуникация жүргізуге ықпалдаспақ. Қазіргі таңда қалада 94 жатақхана жұмыс істейді. Қалалық жастар саясаты жөніндегі басқарма мен қоғамдық ұйым өкілдері бастаған топ қаладағы бірнеше оқу орындарының студенттердің тұруына арналған нысандарды шетінен тексеріп жатыр.
Тұран университетін тексеруге келген мамандар бірнеше олқылықты әшкереледі. Мұнда студенттер тіпті өз бизнесін жасап отыр. Қыздардың сән салонын ашқанына комендант көз жұма қараған.
Жатақхана комменданты бұл жайттан хабардар. Қосымша қаражат табуға жол берген ол енді мұндайға рұқсат етпеймін дейді.
«Жоямыз енді оны. Алғызбаймыз ешкімнің тырнағын. Рұқсат бермейміз. Мен білген жоқпын болмайды екенін. Өзі ақырын қыздарға жасап отыр», - деді жатақхана әкімшісі Шәмші ҚАМАР.
Кәсібін дөңгелетіп жүргендерден бөлек, жатақханада жанұялы азаматтар да тұрып жатқаны анықталды. Студенттер жатақханаға 15 мың төлесе, жалдап тұрып жатқандар 3 есе көп қаржы береді екен.
Одан бөлек, студенттердің сөзінше, жатақханада үшінші қабаттағы душқа кіре алмаймыз дейді. Себебі әрдайым жабық тұрады. Тіпті, студенттер жазда жатақханада тұрмаса да, бір айға төлеп отыруға мәжбүр екен.
Тексерушілер тобы бет алған Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының жатақханасынан да жіпке тізер кемшілігі көп болып шықты. Студенттердің сөзінше, әжетханаға кірудің өзі мұңға айналған. Оған кіру үшін кілтпен жүру керек. Бір бөлмеде 4 адамда ортақ бір кілт бар.
52 студент тұрып жатқан жатақханада жуынатын орындары да істен шыққан. Студенттер ай сайын 10 мың теңге төлеп тұрады.
Бұл тоғыз қабатты нысанда тұру үшін студенттер спортшы болу керек. Олардың сөзінше, жеделсаты тек алтыға дейін жұмыс істейді. Тамақ жасайтын орын мен тоңазытқыш төменде орналасқан. Сол себепті, олар қайта-қайта көтерліп шығуға мәжбүр. Оған қоса, жуыну үшін де шапшаң болмасаң, ештеңеге үлгермейсің.
«Бір кемшілік айтайын - ол душ. Бізде душ он-ақ минут. Ол жаққа кіріп жуынуға да үлгермейміз. Бізге шығыңдар деп айтады. Содан кейін әжетхана. Дәретханада 6 кабинка бар, істейтіні екеуі ғана. Жуынатын раквина да екеу ғана», - деді Алматы технологиялық университетінің ІІІ курс студенті Жанбота СҮЛЕЙМАН.
Алматы технологиялық университетінің жатақханасында қауіпсіздік шаралары да төмен.
«Студенттердің қауіпсіздігі төмен деңгейде. Тіпті бұл жерден кірер жерге турникет орнатылмаған. Бұл жатақхана 800 адамға шақталған. Вахтер ғана бар. Оның өзі жұмыс уақыты аяқталғанда қайтып кетеді. Сондықтан біз осы мәселені көтеретін боламыз», - деді Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы бөлімінің басшысы Айгүл НИСУПОВА.
Бүгінде мониторингпен қатар, студенттер арасында сауалнама жүргізілуде. Тексеру жұмысы аяқталған соң, оқу орны басшыларымен кездесу ұйымдастырылады. Бүгінде қалада 50 мың студентке жатақхана тапшы. Бұл мәселе алып шаһарда қабылданған Жастарды қолдау 2020 бағдарламасы аясында шешімін табатын болады.
Перизат Көмекбайқызы, Ескендір Тоғысбаев, «Алматы» телеарнасы