Кейкі батырдың келбеті қалыпқа келтірілді. Бүгінде әйгілі жаужүрек бабамыз Кейкі Көкембайұлының бас сүйегі Алматыда орталық музейде тұр. Батырдың бейнесі қандай болған, зерттеу барысында қандай айғақтар табылды. Тілші бейнематериалында.
Аты аңызға айналған Кейкі батырдың бас сүйегі 93 жылдан кейін елге қайтарылды. Ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізіліп, батырдың бет бейнесі жасалды. Венгрияның ұлттық жаратылыстану музейініің антропологтары батырдың бет-бейнесін қайта қалпына келтіру үшін 2 ай тер төккен. Олар, ғылыми жұмыс үшін мүсіннің бір данасын дайындады. Бірінші нұсқа мен ДНК сараптамасының нәтижесінің сәйкестігі анықталған соң мүсіннің соңғы нұсқасы жасалды. Қазіргі мүсін мен батыр бейнесінің ұқсастығы 98,7 пайызды құрап отыр. Дайын скульптура 20 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Орталық музейіне жеткізілді. Жақын арада жәдігерге мемлекеттік тіркеу нөмірі еншіленіп, музейдің негізгі экспонаттар қатарына енгізілмек.
«2016 жылдың 26 қыркүйегінде Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласындағы Петр атындағы антропология музейінің қорынан батыр бабамыз Кейкі бабамыздың бас сүйегі РФ-тың мәдениет министрлігінің және Евразиялық экономикалық комитеттің шешімімен Қазақстанға Отанына қайтарылды. Осы кезеңнен бастап Қазақстанның Орталық музейінің қорында сақтаулы»,- деді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Орталық музейінің бас қор сақтаушысы, Үміт ӘШІМОВА.
«Кейкі батыр - орта бойлы, бидай өңді, жағы шығыңқы, басқа да қазақтар сияқты азияттық типті, көз қарасы бір қарағанда тесіп жіберетіндей нағыз батырға тән келбеттің иесі болған» - дейді, Венгриялық антрополог Андраш Биро. Бас сүйекті зерттеу барысында, батыр басынан 8 соққы алып, бұғанасының сынғаны анықталды. Аса айуандықпен батырдың екі қолын, басын шауып алғаны да белгілі болған. Алдағы жылдың қыркүйек айында батырдың бас сүйегін жер қойнына тапсыру жоспарланған.
«Бұл кісінің кесілген басын екі татардың жігіті Арқалыққа апарып, үлкен құрыққа іліп, жарты жылға жуық күннің астында тұрған дейді. Сонымен қатар, өзінің жанындағы 10 үзеңгілес серіктерін осындай азаппен өлтірген деген мәлімет бар»,- деді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Орталық музейінің директоры, Нұрсан ӘЛІМБАЙ.
Кейкі батырдың азан шақырып қойған аты Нұрмағамбет Көкембайұлы 1871 жылы Торғай өлкесінде дүниеге келген. Орта жүз құрамындағы Құлынқыпшақ руынан шыққан. Жастайынан мергендігімен, өжеттігімен көзге түскен. Торғай қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісіне белсене қатысып, мергендер жасағын басқарған.