|
12.12.2016 | 11:07
1581

Әуезов ауданының тұрғындары балалар алаңқайының жөндеу жұмыстарына риза емес

Әуезов ауданының тұрғындары балалар алаңқайының жөндеу жұмыстарына риза емес

Әуезов ауданының тұрғындары балалар алаңқайының жөндеу жұмыстарына риза емес. Ата-аналардың айтуынша, жаңартылған ойын алаңын салу барысында, бүлдіршіндердің қауіпсіздігі ескерілмеген. Жаңа жоба бойынша екі әткеншектің ортасына 2-3 жастағы бүлдіршіндерге арналған құмсалғыш орнатылу керек. Ал, сырғанаққа баланы отырғызуға тіпті қорқынышты - дейді тұрғындар. Қауіпсіздік жағы былай тұрсын, құрылғылардың сапасы сын көтермейді. Мәселен, балалар жарақат алмас үшін төселетін арнайы төсеніштің бір айға жетпей жырым-жырымы шыққан. Жаңа алаңға әкелініп жатқан әткеншектердің барлығы мектеп жасына дейінгі балаларға арналған, ал, жасөспірімдерге қажет спорт құрылғылар мүлдем қарастырылмаған дейді.

«Қазан айында ескі алаңды сүріп тастады да кетіп қалды. Кейін қарашаның басында қайтадан келіп, арнайы техниканың көмегімен жерді тегістеп, бетон құйды. Содан кейін әткеншектерді орнатуға келді. Екі әткеншектің ортасына құмсалғыш орнатқандарын көргенде бүкіл үйдің тұрғындары болып жиналып қарсылық білдірдік. Ақырында, әткеншектерді құрмай қалдырып кетті», - деді Алматы қаласының тұрғыны Рыскүл ЖҰМАБАЕВА.

Тұрғындардың назын тыңдауға жергілікті билік өкілдері де келді. Ата-аналар бұрынғы аулада тұрған белтемір мен  сырғанақтарды қайтаруын сұрайды. Аталған алаң Әуезов ауданындағы биыл жаңартылуы тиіс 50 балалар алаңының бірі. Естеріңізде болса, осы жылы 50 ауланы абаттандыруға жергілікті қазына 350 миллион теңге бөлген болатын.

«Тұрғындардың айтып отырған мұқтаждықтарын ескере отырып, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп береміз. Көптеген қазір айтылып жатырған келеңсіздіктерді мердігер мекеме өз тарапынан берілген мерзім ішінде толыққанды орындап шығады», - деді Алматы қаласы Әуезов ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Жарас ЖАҚАНБАЕВ.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир