Ғасыр жасаған тұлға. Бүгін Ұлы Отан соғысының ардагері алматылық ақсақал Қайырлы Жонқабаев 99 жасқа толды. Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері мен қалалық «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері ардагерді торқалы тойымен құттықтап барды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Соғыс ардагері сегізінші гвардиялық атқыштар дивизиязында жауынгер болған. 1940 жылы Шығыс Қазақстандағы Құлжа орта мектебінде мұғалім болып жүрген кезінде әскерге аттанады. 1941 жылы қазан айында Панфилов дивизиясының 23-гвардиялық полкіне Қызыл Әскер жауынгері болып қабылданады. Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллинмен бір ротада майданда болған. Соғыс ардагері құттықтап келген жас буын мен әскери қызметкерлерге алғысын айтып батасын берді.
«Армиядай тәртіп болсын. Береке болсын. Командирлеріңнің айтқанын тыңдаңдар. Келешектері зор болсын. Дендері сау болсын. Бақытты болыңдар!» – деді Ұлы отан соғысының ардагері Қайырлы Жонқабаев.
Елі үшін қан майданда жан беріп ерлік көрсеткен ардагер 1943 жылы ақпанда Ржевтегі қанды майданда ауыр жараланады. Жеңісті Дрезденде қарсы алады. Кейіннен аудандық атқару комитетінде бірқатар басшылық қызметтер атқарады. Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ардагер 5 баладан 20 немере сүйіп отыр.
«Бұл кісілердің өткен өмірлері қазіргі келешек ұрпаққа үлкен өнеге. Сұрапыл соғыстағы еткен ерліктерін келешек ұрпаққа үлгі ретінде көрсетіп, патриоттық сезімдерін ояту. Өкіншіке қарай, қазір соғыс ардагерлері өте аз қалды», – деді Қазақстан республикасы Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары Ниязтай Әлкешев.