Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен күн: Рақымжан Қошқарбаев аңызға айналған бұл ерлігін небәрі 21 жасында жасаған

tengrinews.kz
tengrinews.kz
Бұл оқиғаны тіпті Американың «Нью-Йорк Таймс» газетінің 1945 жылғы 1 мамырындағы саны да жариялаған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Осыдан 75 жыл бұрын, дәл осы күні қазақ сарбазы Рақымжан Қошқарбаев Рейхстагқа Жеңіс туын тікті. Аңызға айналған бұл ерлігін ол небәрі 21 жасында жасаған. Бірақ қазақ батыры мен оның әскери үзенгілесі қатардағы жауынгер Григорий Болатовтың ерлігі Кеңес үкіметі тарапынан еленбей қалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

1945 жылдың 30 сәуірі. Сұрапыл соғыстың соңғы күндері. Ең шешуші кезең. Оқ пен оттың ортасында жер бауырлап екі сарбаз жылжып келеді. Олардың бірі – қазақтың қара домалақ баласы Рақымжан Қошқарбаев. Қасындағысы –  Григорий Болатов. Екеуінің көздегені фашизмнің ордасы – Рейхстаг. Осылайша, ажалмен арпалысқан екеу 300 метр жерді 7 жарым сағат жүріп еңсерді. Жүрек жұтқан қос сарбаз жаудың апанына Жеңіс туын тікті. Сол кезден бастап бұл күн қазақ тарихы үшін ең айтулы күн. Жеңістің жалауы желбіреген күн. Бұл оқиғаны тіпті Американың «Нью-Йорк Таймс» газетінің 1945 жылғы 1 мамырындағы саны да жариялаған.  

«Рейхстагқа ту тігу тапсырмасы болды. «Оған кім барады»,  деп бізден ерікті түрде бәрімізден сұрап шықты. Ешкімді күштемеді. Себебі бұл нағыз өліммен тең тапсырма еді. Ол жерден аман келу екіталай болатын. Оның себебін кейін білдік. Шынымды айтсам, сол кезде мен тірі қалам деп те ойламадым», – деді  Халық қаһарманы Рақымжан ҚОШҚАРБАЕВ.

Сол кездегі солақай саясатқа сәйкес, Кеңес үкіметі майда ұлттардан батыр шыққанын қаламайтын. Рейхстагқа Рақымжан ту тіккенін естіген Маршал Жуков қатты ашуланады. «Ертең рейхстагқа бір орыс пен бір грузин туды қайта тіксін», – деп бұйырады. Сол уақытта Рақымжанның төл ерлігін жасырғандар көп болды. Десе де шын ерліктің көлеңкеде қалмайтынын тарих беттері тағы бір дәлелдеді.    

«Әкем соғысқа аттанбай тұрып, бірнеше жерде басшылық қызмет атқарды. Үйімізден қонақ үзілмеуші еді. Әкем жарқын жүзді, келген адамды қуана қарсы алатын ерекше мінезді еді. Бауыржан Момышұлы ең жақын досы еді. Екеуі әркез сырласып отыратын. Ол кезде мен кішкентаймын. Бүгінде қазаққа аты шыққан батырлар біздің үйде қонақ болғанын ойласам, бойымды мақтаныш кернейді», – деді Р. Қошқарбаевтың қызы Әлия ҚОШҚАРБАЕВА.

Иә, қазақтың қаһарманы Бауыржан Момышұлы Рақымжанды бауырына басуы бекер емес. Бауыржан қаламгер Кәкімжан Қазбаевқа шын тарихты жазуды тапсырады. Елгезек журналист соғысқа соңғы нүкте қойған Рақымжанды тауып, сөйлесіп батырлығы жайында жазуға кіріседі. Осылайша Бауыржанның түрткі болуымен Рақымжан батырдың есімі елге жайылады.

«Ол үнемі бірінші болды. Қауіп дегенді ойланбастан, бұзып жарып әрекет ететін. Осындай ерекшелігі оны батыр етті, ерлік жасауға итермеледі. Ол әділетсіздікпен күресті. Ол мұндай кезде тіпті шыдамсыз болып кетеді екен», – деді Р. Қошқарбаевтың немересі Дәурен ҚОШҚАРБАЕВ.

Соғыстан кейін Рақымжан Қошқарбаев көші-қон саласында қызмет етіп, кейін «Алматы» қонақ үйін басқарады. Оның құрметіне 2016 жылы ел астанасы Нұр-Сұлтанда ескерткіш орнатылды. Елордадағы үлкен көшелердің бірі батырдың атымен аталады. Кейін оның еңбек еткен жері Алматыда батырға арнап, естелік тақта орнаталды. Ер жүрек батырға еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Халық қаһарманы атағын берді. Қаһарман тұлға 64 жасында дүниеден өтті. Ер есімінің ерекше ерлігі ел есінде мәңгі сақталмақ.    

Ұлағат Арғын, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров