Ер есімі – ел есінде. Медеу ауданындағы көппәтерлі үйлердің біріне Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген металлургі Қосан Мамытовқа ескерткіш тақта ілінді, деп хабарлайды Almaty.tv.
1922-1993 жылдар аралығында өмір сүрген Кеңес одағының батыры 20 жасында екінші дүниежүзілік соғысқа аттанған. Майданның нағыз ойранды жері Сталинград шайқасына түскен батыр Беларусь, Польша жерлерін, Калининградты азат ету мен Берлинді алуға қатысқан.
«Атамды біздің отбасымыз бен жақындарымыз ғана емес, басқалар да құрметтеп, еске алатыны қуантады. Оның немерелері, яғни біз атамның тарихи тұлғасын мақтана етіп өстік. Өзгелердің де оны ұмытпай, бағалап жатқанына, әрине, қуаныштымын», – деді Қосан Мамытовтың немересі Татиш Мамытов.
«Қосан ағаны мен көрдім. Өзі сондай тұйық, сабырлы адам еді. Жаңа айтып жатыр ғой сондай қарапайым адам болды. Алапат соғыс қаншама адам, дүние жүзіндегі миллиондаған адамды алып кетті өзімен бірге. Сондықтан сол соғысқа 20 жасында жастай кетіп, өз өмірін қиып барған осындай жастар. Біз оны ұмытпаймыз. Әрине, құрмет тұтамыз», – деді композитор, «Құрмет» орденінің иегері Бейбіт Оралұлы.