«Медициналық мекемелердің қызметінде ортақ бір жүйе жоқ». Осылай деген сала маманы Мыңжылқы Бердіқожаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысының медицина жайында айтқан сыны орынды деген пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Медициналық қызмет көрсету әр платформада жүзеге асады. Үкіметтің бекіткен жүйесінен бөлек, дәрігерлер бұрыннан қолайлы қосымша ішкі сервистерді қолдануға мәжбүр. Мәселе - соның бәрін бір-біріне кіріктіретін ортақ жүйенің жоқтығында. Бір жүйеде науқастарға дәрілер тағайындайтын болсақ, пациентті емдеуге қаражат іздеу үшін екінші жүйеге жүгінуге мәжбүрміз» дейді дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаев. Ал ана мен бала өліміне қатысты сала сарапшысы айы-күні жетпей туған баланы күтіп, аяққа тұрғызуға барлық перзентханада жағдай жасалмаған деп ой қосты.
«Перзентханалардың қаражатпен қамтамасыз етуін жай ғана экономикалық тұрғыда қарайтын болсақ, ешкім ауруханаларға 1 млрд түгілі 100 млн теңге ақша бөлген жоқ. Ондай қаражат бөлінбесе, құрал-саймандар алынбаса, кішкентай шақалақ баланың өмірін қалай сақтап қаламыз», – деді «Орталық клиникалық ауруханасы» АҚ нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Мыңжылқы Бердіқожаев.
Мемлекет басшысы халықтың табысы орташа республикалық деңгейге жетпейді, бірқатар өңірде тіпті азайып, минусқа кеткен деді. Әкімдер жыл сайын әр 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын ашуы керек еді, бірақ бұл бағытта да нәтиже жоқ. Жұрт мұнай өндіретін компанияларға жұмысқа тұрғызуды жиі талап ететін болған. Бірақ Президент Жаңаөзендегі кен орындарының көбі сарқылып жатқанын ашық айтты. Геология саласының маманы Тоқтамыс Меңдібай да мұнай өндіру қазір тиімсіз, халықтың жағдайын көтеру шараларын алдын ала жоспарлауымыз керек дейді.
«Мұнай болсын, түсті металл, алтын болсын бәрі кеңес кезінде зерттелген. Қазір олардың бәрі сарқылуға дайын. Барлығы дерлік оның ішінде жаңағы Жаңаөзен, Теңізшевройл болсын, Қашағаннан басқасының бәрінің қоры сарқылуға таяу. Енді ары қарай мұнай өндіру тиімсіз, пайдасынан шығыны көп. Ал ол жерде қанша адам отыр. Олар ертең немен айналысады? Осының бәрі алдын ала жоспарланып, бүгіннен бастап қабылдануы тиіс емес пе», – деді техника ғылымдарының докторы Тоқтамыс Меңдібай.
Нарықтық реформаның нәтижесінде экономика дамыды. Бірақ мұның арты әлеуметтік таптар мен топтар, жаңа дәулетті адамдардың пайда болуына алып келді дейді Әзімбай Ғали. Ендігі кезекте осы экономикалық қарқынды сақтап, халықтың өмір сүру сапасын тым жүдетпеу әрі саяси құқықтық реформа жасау керек. Бұл диллеманы шешу оңайға түспейді, сондықтан жұмысқа халықтың өзі де жұмылуы тиіс дейді саясаттанушы.
«Әлеуметтік-экономикалық реформа жасалды. Енді саяси құқықтық реформа жасау керек, яғни бар жетістіктерді заңдастыру. Халық бұл үрдістерге мойынсұнуы керек, сонан кейін жігер-күшін қосып, әлемдік үрдіс болғаннан кейін, озық елдер сияқты тіршілігін жасау керек», – деді саясаттанушы Әзімбай Ғали.
Дегенмен сарапшы Қазақстанды Орта Азия елдері арасында реформаларды сәтті жүргізген елдердің бірі деп есептейді. Тұрмыс дәрежесі өсіп, жұмыссыздық белгілі бір шеңберден аспады дейді.
Назкен Еркін, Арсен Сандыбаев, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы