«Аманат — символдық тұрғыдан қастерлі ұғым. Ата-бабадан мирас болған ел мен жерді сақтау, өркендету — әрбір азаматтың еншісіне берілген аманат». ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов AMANAT партиясының кезектен тыс өткен съезіне орай осылай деп пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі «Алматы ақшамы» басылымына сілтеме жасап.
«Nur Otan партиясының атауы «Аманат» болып өзгеруі еліміздің болашақта тыныш өмір сүрінің кепілі болмақ. Аманат — символдық тұрғыдан қастерлі ұғым. Ата-бабадан мирас болған ел мен жерді сақтау, өркендету — әрбір азаматтың еншісіне берілген аманат. Сондықтан да жаңарған партияға артылған сенімнің жүгі ауыр.
Жаңа Қазақстанға, жаңа партиямен жол бастасақ, еліміз өркендеп, дамыған мемлекеттердің қатарынан көрінері анық. Партияның атауы ғана өзгермей, қатарындағы қызметкерлері де өзгереді деген сенімдеміз. Партияның жаңғыруға байланысты қабылдаған 7 басымдығы халықтың көкейінде жүрген ойлары еді. Осынау модернизациялаудың ішінде өзіме ұнағаны - 1-тармағындағы «Халықпен байланыс жасау құралдарының тиімділігін арттыру» дегені», - деді Мұрат Жұрынов.
Ғалым жаңарған партия Президент реформаларын жүзеге асырудың басты драйвері болуға тиіс екенін атап өтті.
«Қазіргі уақытта еліміздегі ең басты мәселе - жұмыссыздық. Осы мәселені түпкілікті шеше алсақ, елдің экономикасы тұрақталатын еді. Білімнің жоғарғы сатысы - ғылым демекші, алдағы уақыттарда партия ғалымдарға көңіл бөлсе деген үміттеміз.
Жаңарған партия Президент реформаларын жүзеге асырудың басты драйвері болуға тиіс. Қазіргі геосаяси ахуал күрделі, әлемдік әлеуметтік-экономикалық жағдай ушығып тұрған мына кезеңде партия да заман ағымына ілесіп, уақыт сынына жауап бере алатын саяси күш болып қалуы керек», - деді М. Жұрынов.