Қаңтар оқиғасында жазықсыз зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсетіледі. Бұл туралы «Қазақстан халқына» қорының жетекшісі Болат Жәмішев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қордың қамқоршылық кеңесі қаңтар оқиғасы кезінде абайсызда қаза тапқан бейбіт тұрғындардың отбасыларына көмек көрсету туралы шешім қабылдаған.
«Біз Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин мен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Азимовадан алған тізімдерді ескердік. Қаңтар оқиғасының кездейсоқ құрбаны болып шыққан марқұмдардың туыстарына көмек көрсетіледі деп шешілді. Ол кісілердің өлімінің жай-жапсарын әлі де құзырлы органдармен бірге анықтауымыз керек, барлық мән-жай ашылғанда, көмек көрсетеміз. Осы адамдардың бірқатары үшін омбудсмен тізіміне кездейсоқ енгізілмегендіктен, шешім санаулы күндерде қабылданатынына сенімдімін», - деді «Қазақстан халқына» қорының жетекшісі Болат Жәмішев.
Сонымен қатар, «Қазақстан халқына» қорына келген өтінімдердің 70 пайызы ұйымның қызметіне сәйкес келмейтіні айтылды.
«Қайырымдылық көмек туралы барлық өтінім қордың электронды порталы арқылы келіп түседі. Бүгінде Қор құрылған сәттен бастап Қазақстанның барлық өңірінен 30 мыңнан астам өтінім келді. Оның 70 пайызы Қордың қызметіне сәйкес келмейді. Олардың көбі баспана сатып алу мен несиені өтеуге қатысты», - деді Болат Жәмішев.