Алматыда «Есентай» өзенінің арнасында жасанды құрылыс жүйесі салынады. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев Медеу ауданы тұрғындарымен кездесу барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның айтуынша, бұл шаралар су тасқынының қарқынын төмендетуге және өзендегі мұзды тасқынды тоқтатуға мүмкіндік береді.
Қала басшысы биыл мамыр айында жалпы сомасы 1,9 млрд теңгеге каскад, бөгет және тұрақтандырғыш жүйесінің құрылысы басталғанын айтты. Жұмыстарды 2024 жылдың қараша айында аяқтау жоспарланып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 және 2023 жылдың желтоқсан айларында «Есентай» өзенінің жағасында мұзды су тасқыны болды. Соның салдарынан су деңгейі 1,5 метрге көтеріліп, қоршаулар, орындықтар және қоқыс жәшіктері зақымданды. 5 мың текше метрден астам қар шығарылып, зақымдалған инфрақұрылым қалпына келтірілді.