Алматы әкімі Ерболат Досаев Мемлекет басшысының қатысуымен өткен мегаполисті дамыту жөніндегі кеңесте қаланың балабақшалары мен мектептерінде кезекті төмендету бойынша қандай шаралардың қабылданып жатқанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
- Бірінші кезекте, мектепке дейінгі білім берудегі бұл мәселенің шешімін жеке бизнесті тартудан көреміз. Биыл 76 жекеменшік балабақшада 5 330 орынға тапсырыс орналастырылуда. 2023 жылдың соңына дейін 860 орындық 4 мемлекеттік балабақша ашу жоспарланған. Мектептердегі оқушы орындарының тапшылығы өзекті мәселе болып қала береді. Сондықтан 2023 жылдың соңына дейін жергілікті бюджет және жеке инвестициялар есебінен 5 670 орындық 11 мектеп пен қосымша құрылыс пайдалануға беріледі, - деді Ерболат Досаев.
Бұған қоса, әкімдік Саялы, Зерделі ш/а-да 2024-2025 жылдары пайдалануға берілетін 1100 орындық 2 мемлекеттік мектеп пен 2 950 орындық 8 қосымша құрылысты жобалау мен салуды жалғастырып отыр.
- Қала үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы ерекше маңызды. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-мен бірлесіп, бүгінде мектеп құрылысына инфрақұрылым дайындау аяқталуда. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 19 млрд теңге қарастырылған, - деді Алматы әкімі.
Бұған дейін Алматы қаласы әкімдігінің жобалық кеңсесінде хабарланғандай, жаңа форматтағы мектептердің басым бөлігі Алатау және Наурызбай аудандарында 5 мектептен салынады. Бостандық ауданында 4 мектеп, Түрксіб ауданында 3, Әуезов ауданында 2 мектеп, ал қалған аудандарда бір мектептен салу көзделген. Мектептер тапшылық қатты байқалатын жерлерде бой көтереді.
Әрі Алматыда 2024-2025 жылдары 1440 орындық 2 мемлекеттік колледж құрылысы жүріп жатыр, ал биыл маусым айында Наурызбай ауданында Балаларға арналған инновациялық шығармашылық орталығы ашылды. Биыл 25 тамызға дейін Алатау ауданында осындай орталық ашылады.
Сонымен қатар, биыл 1 қыркүйектен бастап алғаш рет 30 мектепте «Мектеп автобусы» жобасы іске асырылып, 100 автобус сатып алынды. 2023 жылы 7,7 мыңнан астам бала қамтылады.
Оқи отырыңыз: Алматы әкімдігі проблемалық нысандардың құрылыс барысын тексерді