«Медсервис плюс»: Қоймалардан жіберілетін дәрі-дәрмекердің көлемі жеті есеге өсті

Almaty.tv
Almaty.tv
Препараттарды рәсімдеу мен сертификаттауды жеделдету шаралары ірі жеткізушілерге шетелден келетін дәрі-дәрмектердің көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беруде
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Медсервис плюс» фармацевтік компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі директоры Саида Ерденбекова Алматыдағы коронавирус пандемиясына байланысты фармқоймалардың күшейтілген режимде жұмыс жасап жатқанын айтты. Ол өзінің сөзінде мегаполис дәріханаларына дәрі-дәрмектің дер кезінде жетуі үшін қойманың 80 қызметкерінің аянбай еңбек етіп жатқанын тілге тиек етті, деп хабарлайды Almaty.tv.

С. Ерденбекованың мәліметі бойынша, соңғы екі аптада өмірлік маңызы бар дәрі-дәрмекке деген сұраныс күрт артқан. Бұрынғы кезеңмен салыстырғанда, дәріханаларға жіберілетін препараттардың көлемі шамамен жеті есеге ұлғайған. Қоймаларда медикаменттердің 12 мың түрі бар. Компания күн сайын жүк тиелген жеті фурды қабылдайды.

«Күн сайын үлкен жүк көліктерін, шамамен 5-7 фурды қабылдаймыз. Оларға тиелген тауарлар қоймаларда өңделеді, артынан Алматының дәріханаларына бөлінеді. Біздің компания қаланың 700-800-ге жуық дәріханаларына қызмет көрсетеді», – деді С. Ерденбекова.

«Медсервис плюс» компаниясының қоймалары 2016 жылдан бастап жұмыс жасауда. Мұнда австриялық конвейер желісі, гравитациялық стеллаждар және европалық өндіріс жабдықтары қолданылады.

«Пандемия басталғалы бері адамдар аянбай жұмыс істеуде. Мегаполистің дәріханаларына тауарды дер кезінде жеткізу үшін қызметкерлеріміз кейде түн жарымына дейін қалып, жұмыс істейді. Біз барлығымыз қалада қандай күрделі ахуалдың қалыптасқанын жақсы түсінеміз. Сондықтан игі бастамалардың иелері – компания қызметкерлері. Қажет болса біз де түн жарымына дейін қаламыз», – деп айтып өтті С. Ерденбекова.

Ол өзінің сөзінде қала басшылығының сертификаттарды жедел рәсімдеуге, логистика мен жүкті тиеуге пәрменді көмек көрсетіп отырғанын атап өтті.

«Әкімдік тарапынан айрықша қолдау көрсетілуде, әсіресе олар жіберген волонтерлар жүкті түсіру мен бөлуге, тасымалдауға дер кезінде көмек көрсетуде. Кедендік органдардың жұмыстары да реттелді. Қазіргі кезде шетелден жеткізілген медпрепараттар жедел өңделуде. Өткір мәселелер онлайн шешімін табуда. Соның арқасында біз қай дәріханаға көмектесу керек екенін,қай жерде іркіліс орын алғанын, әкімдіктің қандай мәселені шешетінін біліп отырамыз.Бұл барынша ыңғайлы болуда», –  деді С. Ерденбекова.

Айта кетерлігі, «Медсервис плюс» компаниясы гуманитарлық көмек аясында келген медикаменттерді бөлудің операторы болып табылады.

«Кеше ДДСҰ денсаулық сақтау желісі бойынша көмек жеткізілді. Яғни, 8 фур келді, біз қазір оларды қабылдап, Алматы қаласына және басқа өңірлерге бөлумен айналысып жатырмыз», – деп атап өтті С. Ерденбекова.

Барлық гуманитарлық көмек тегін медициналық көмектің кепілді көлемі аясында емханалар мен ауруханаларға жіберіледі. Келген көмек Қазақстан бойынша 14 филиалға бөлінеді.

Новости партнеров