Биыл Алматыда қаланың бірыңғай деректер базасы жобасы іске қосылады. Мемлекеттік органдар мен коммерциялық ұйымдардың бір-бірімен дерек алмасуына мүмкіндік беретін жүйе туралы қалалық Цифрландыру басқармасының деректерді басқару бөлімінің басшысы мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv
Ол бірыңғай деректер базасын құру қажеттілігі пандемиядан туындағанын айта келе, жобаны әзірлеуде Сингапурдың тәжірибесі пайдаланылғанын жеткізді. Айта кетерлігі, отандық деректер базасы Алматы тұрғындары мен бизнестің қажеттіліктеріне негізделе отырып құрылады.
«Қазіргі кезде қала бойынша деректер вертикальді ведомстволық қағидат бойынша жиналады, бұл қала бойынша түрлі деректерді алу, талдау және интеграциялау кезінде қиындықтарға алып келеді. Бұл ретте маңызды қалалық деректердің иелері тек мемлекеттік органдар ғана емес, коммерциялық компаниялар екенін де ескеру қажет. Сондықтан бірыңғай деректер базасын құру туралы шешім қабылданды. Оған Алматы қаласы әкімдігінің барлық басқармаларының, ведомстволық бағынышты және серіктес ұйымдарының деректері жиналуы тиіс»,– деді қалалық цифрландыру басқармасының деректерді басқару бөлімінің басшысы Аида Дәрменова.
Бүгінгі онлайн брифинг барысында сондай-ақ, шалғайдағы шағын аудандардың тұрғындарын интернетпен қамтамасыз ету мәселесі де сөз етілді. Шеткі аудандарды секундына 96 мега битке дейін жететін тиянақталған интернетке сымсыз қосу түйткілі қолға алыныпты. Бұл шаруа Қазақтелеком компаниясымен бірлесе жүзеге асты.
«Биыл Әлмерек, Алғабас, Нұршашқан, Тау самалы шағын аудан тұрғындары өте сапалы интернет желісімен қамтылады. Осылайша қала әкімі ұсынған «Алматы - шетсіз қала» тұжырымдамасына сәйкес бұл бағытта тыңғылықты жұмыстар жасалып жатыр. Біз ауданның шет аумақта не орталықта орналасқанына қарамастан барлық қала халқын сервистің қажетті стандартты деңгейімен қамтамасыз етуге тырысып бағамыз. Бұл - біздің басты міндет»,– деді қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев.