Алматы әкімі Ерболат Досаев Бостандық ауданына жұмыс сапары барысында Төтенше жағдайлар министрлігінің Сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығының ғимаратына барып, мекеменің материалдық-техникалық базасымен танысты, проблемалық мәселелерді тыңдады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Орталық қызметінің негізгі бағыты - бүкіл ел аумағының сейсмикалық қауіптілігін бағалау және сейсмологиялық мониторинг жүргізу. Ғылыми орталықтың директоры Дәулет Сәрсенбаев 1986 жылы салынған орталық ғимаратында ешқашан күрделі жөндеу жүргізілмегенін, жабдықтардың басым бөлігі ескіргенін, сондай-ақ кадрлар тапшылығын тұрғанын атап өтті.
Әкім қаладағы сейсмикалық қауіпсіздікті арттыру мақсатында төтенше жағдайлардың алдын алудың заманауи технологияларын қолдана отырып, азаматтық қорғаудың барлық құрылымдарының өзара іс-қимылы күшейтілетінін атап өтті.
- Біз ғимаратты қала бюджеті есебінен жөндеу туралы шешім қабылдадық. Сондай-ақ ғылыми зерттеулерге шамамен 2 млрд.теңге бөлінеді, бұл еңбекақы төлеу қорын ұлғайтуға, шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасуға, жаңа кадрлар тартуға мүмкіндік береді. Бұл орталық қала үшін ғана емес, бүкіл ел үшін өте маңызды, сондықтан ол әлемдік стандарттарға сай болуы тиіс, - деді Ерболат Досаев.
Қазіргі уақытта сейсмологиялық бақылаулардың Республикалық желісі (РССН) Қазақстанның 12 облысында және Алматы қаласында орналасқан 70 сейсмикалық станция мен бақылау пункттерінен тұрады.
Станцияларда 160 түрлі өлшем бойынша сейсмикалық, геофизикалық, гидрогеологиялық, бақылаулар жүргізіледі. Сезілетін жер сілкінісі жағдайында кезекшілер жедел режимде оның параметрлерін анықтайды: сілкініс уақыты, эпицентрдің координаттары, жер сілкінісінің класы немесе оның магнитудасы.
Анықтама: Ғылыми орталық орналасқан ғимарат 1986 жылы салынған. Айта кетерлігі, Орталық ҚР ТЖМ «Сейсмология институты» ЖШС мен ҚР ТЖМ «Сейсмологиялық тәжірибелік-әдістемелік экспедиция» ЖШС-ні біріктіру жолымен қайта құру нәтижесінде құрылды.
Оқи отырыңыз: Алматыда 2025 жылдың соңына дейін барлық ескі қоқыс контейнері ауыстырылады