Алматыда жеңілдіктер маусымы жалғасуда

Almaty.tv
Almaty.tv
Cауда нысандарында 20%-дан 50%-ға дейін мерекелік жеңілдіктер жарияланды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Ескі жаңа жыл күндері халық тұтынатын тауарлар мен жәрмеңкелік жаппай сатылымдарға жеңілдіктер акциясы өтеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Медеу ауданында 2021 жылдың 9 және 10 қаңтарында «Алматы қаласының спорт ғимараттары дирекциясы» ЖШС «Қыс фестивалі» аясында іс-шаралар өткізеді. Бұл күндері «Сұңқар» қарлы төбесіндегі баллондарда сырғанау құны 50%-ға — 2000 теңгеден 1000 теңгеге дейін төмендейді.

«Медеу» мұз айдынында бұл күндері 7 жасқа дейінгі балалар, барлық санаттағы зейнеткерлер, көп балалы отбасылардан шыққан 18 жасқа дейінгі балалар мен мүгедектерге кіру — тегін. Оқушылар мен студенттер үшін арнайы жеңілдік — 15%. Ересектер үшін жеңілдік 10% құрайды.

9 қаңтар күні сағат 16:00–де Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармония солистерінің халық музыка кеші өтеді. Кіру тегін. Сақтық шараларына байланысты көрермендер саны шектеулі болады.

ҚР Мемлекеттік үрмелі оркестрінің «Маска я тебя знаю» жаңа жылдық концертіне келе алмағандар үшін 13 қаңтар күні сағат 19:00–де қайта көру мүмкіндігі бар. Бас дирижер — ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Қанат Ахметов. Билеттерді филармония кассасынан және Тикетон сайтынан сатып алуға болады.

Қуыршақ театры қаңтар айында қаланың кішкентай тұрғындары үшін бірқатар көрсетілімдер ұсынады. Репертуарымен театрдың сайтында танысуға болады.

Көктөбеде жаңа жылдық жеңілдіктер 2020 жылғы 16 желтоқсаннан 2021 жылдың 13 қаңтарына дейін жалғасуда: арқанды жолмен жүруге, «Шолу дөңгелегі» және «Fast Coaster» аттракциондарына 30% жеңілдік. Жеңілдік күнделікті бір күнге жарамды.

Түрксіб ауданында 2021 жылдың 7-10 қаңтары аралығында «Март Вилладж» СОО, «Март» және «Жібек Жолы» сауда үйлерінде азық-түліктік емес бутиктерде акциялар мен жеңілдіктер өткізілуде.

2021 жылдың 9-10 қаңтар күндері мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар арасында шахматтан турнир өтеді. Өтетін орны: «Жібек жолы» СОО, Сейфуллин даңғылы, Шолохов көшесінің бұрышы.

2021 жылдың 9-10 қаңтар күндері үстел теннисінен әуесқойлар арасында турнир, «TopSpin» лигасының ашылуы өтеді. Өтетін орны: «TopSpin» үстел теннисі клубы.

2021 жылдың 11 қаңтарында кітапханаларды жаңғырту аясында күрделі жөндеуден кейін Алматы қаласының орталық кітапхана жүйесінің филиалдары ашылады.

Алатау ауданында сауда үйлері мен базарларда 8-15 қаңтар аралығында жеңілдіктер маусымы жарияланды. Сонымен бірге, «Зерделі» шағын ауданы және Alatau Creative Hub алдындағы («Алатау» өнер  театры) алаңда Алматы облысы фермерлері өнімдерінің 2 жәрмеңкесі өтеді.

Сауда нысандарында 20%-дан 50%-ға дейін мерекелік жеңілдіктер жарияланды. «Үш қоңыр» базарында (Солтүстік айналма к-сі, 122) құрылыс материалдарына жеңілдіктер, «Кенжехан-1,2,3», «Қазына», «Арлан», «Өжет» базарларында маусымдық заттарға жеңілдіктер, «Ақ бұлақ-1,2,3», «Саяхат», «Евразия», «Алатау-2» сауда үйлерінде маусымдық қысқы заттарға жеңілдіктер жарияланды, ал «Азия» базарында кілем өнімдеріне жеңілдіктер бар. Сонымен қатар, «Строй-сити» сауда үйі түрлі құрылыс материалдарына жеңілдіктер жариялады. «Жібек жолы» базары автокөлік құралдарына техникалық қызмет көрсету және автобөлшектерге жеңілдіктер жасайды.

Сондай-ақ, Алатау ауданында Ескі жаңа жыл қарсаңында 12 қаңтар 18:00–де «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Ұлы дала әуендері» атты халық әндерінің концерті өтеді. «Алатау» кинотеатрында «Югарная поездка» фильмінің көрсетілімі өтеді.

Новости партнеров