Алматыда биыл 6,5 мыңға жуық жұмыс орны ашылады

Алматыда биыл 6,5 мыңға жуық жұмыс орны ашылады
Соның негізінде 50 мың адам еңбекпен қамтылатын болады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Алматыда «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 6,5 мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Соның негізінде 50 мың адам еңбекпен қамтылатын болады. Бұл туралы қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының мамандары мәлімдеді. Былтыр карантинге қарамастан шаһарда бірқатар инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асып, 76 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылған. Ал, биыл жұмыссыздықты жою мақсатында тағы қандай игі шаруалар жүзеге аспақ? Толығырақ Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт тарқатады.

Былтыр Алматы қаласында 228 жоба жүзеге асып, 21 мың 818 адам жұмыспен қамтылған. 76 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Оның 30 мыңы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің көмегімен жүзеге асса, 21 мыңнан астамы «Жұмыспен қамту жол картасы» шеңберінде құрылған. Оның ішінде 11 мыңға жуық азамат «Жұмыспен қамту орталығы» арқылы жұмысқа тұрыпты. Ал, биыл жаңа жобалар негізінде тағы 6 437 орын ашылмақ.

«2021 жылға «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша 11 инфрақұрылымдық жоба жоспарланған. Оның ішінде қала ішінде 5 мектептің құрылысы салынып жатыр. Оған қоса 13 мектепке қосымша абаттандыру жұмыстары жасалады. Тағы да электр желілеріне подстанция салу, су қоймалары және су мен кәріз желілерін салу бойыша жұмыстар жоспарланған», – деді қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы.

Бұл бағдарлама аясында пандемия кезінде жұмыссыз қалған шаһар тұрғындары уақытша және тұрақты еңбекпен қамтылып отырды. Қалалық әлеуметтік әл-ауқат басқармасы мамандарының мәлімдеуінше, қазір уақытша құрылыс шаруаларына жұмысшылар көптеп тартылуда. Себебі бұл салаға сұраныс көп. Ал, қалған 1900-ге жуығы – тұрақты жұмыс орындары. Жергілікті халықтың пікірінше, осындай жобалар – мегаполисте жұмыссыздықпен күресудің тиімді жолы.

«Адамдардың көбісі пандемия кезінде жұмыссыз қалған. Солар енді жұмыс орталығына бару керек. Пайдасы бар деп өзім ойлаймын», – деді қала тұрғыны Ербол Сұлтанғалиев.

«Керемет бағдарлама. Пандемия кезінде жұмыссыз қалғандар осы жоба арқылы жалақысы жақсы жұмысқа орналасуда», – деді қала тұрғыны Вера Тюлюкина.

«Жұмыссыз азаматтар көп қой негізі. Ал, енді жұмыссыз азаматтарға бұл жағынан кішкене пайдасы болады», – деді қала тұрғыны Мереке Қырғызбаев.

Сонымен қатар екі қолға бір күрек таппай жүргендер үшін «Еңбек.кз» сайты онлайн қызмет көрсете бастаған. Порталдың пилоттық жобасы басталғалы былтыр қарашадан бастап, мыңнан астам адам осы сайт арқылы кезекке тұрып үлгеріпті.

«Жұмыс керек дейтін азаматтар болса, онда «Еnbek.kz» сайтында өзінің түйіндемесін қойып және бар ваканциялардың сілтемесіне басып, сол жерден жұмыс берушімен тікелей байланысқа шықса да болады. Айлық кем дегенде «Жұмыспен қамту жол картасында» жазылған. Кем дегенде 85 мың теңге. Бірақ былтырғы статистиканы қарайтын болсақ, орташа жалақы 95 мыңмен 100 мыңнын арасында болады», – деді қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы.

Одан бөлек, шаһарда «Еңбек», «Бизнестің жол картасы», аймақтарды дамыту және «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша да тұрақты және уақытша жұмыс орындары құрылып, қол қусырып отырғандардың саны азаюда. Ал, алдағы уақытта қалада жұмыссыздықпен күресудің 2021 жылға арналған жаңа жобасы жүзеге асатын болады.  

Аяулым Көлжігіт, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров