Алматыда бұрын бұзылған тарихи ғимараттар қайта қалпына келтіріледі. Әкімдік қаланың коммуналдық меншігіне игерілмеген 24 жер учаскесін сатып алуды көздеп отыр деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл туралы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджанов айтты. Сондай-ақ, шаһардың бас жоспарын түзетуге қала тұрғындары да қатысатын болды. Осы орайда Q-Lab қалалық жобалар зертханасының базасында дауыс беру ұяшықтары мен сауалнамалар орнатылмақ. Онда алматылықтар өз өтініштері мен ұсыныстарын жаза алады. Жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеген «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында қолға алынды.
«Алматы әкімі Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев қала құрылысын реттейтін және түзейтін ережелер әзірлеуді тапсырды. Олардың негізгі мақсаты - алматылықтармен, бизнес құрылымдармен мүдделерін ескеретін шешімдер қабылдау» – деді қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджанов.