«Электробар» ЖШС Алматы қаласының Индустриалды аймағында электротехникалық бұйымдарының өндірісін іске қосты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Кәсіпорын толық трансформаторлық кіші станциялар, трансформаторлар, электротехникалық тарату қалқандарын, КСО камераларын, коммерциялық есепке алу пункттерін, карьерлік ұяшықтар және т.б. жасап шығарады.
«Жобаның бірінші кезегі толық көлемде іске қосылды. Бірінші ғимаратта металл цехы, құрастыру цехы, бояу цехы орналасқан. Қазір екінші кезегінің құрылысы жүріп жатыр, іргетас қалау бойынша жұмысы аяқталды, тірек құрылымдарын көтереміз. Екінші ғимаратта жоғары вольтті вакуумдық ажыратқышты құрастыру жұмысын жолға қоюды жоспарлап отырмыз, бұл біздің компания үшін өнімнің жаңа түрі. Алда тағы үшінші кезек, әкімшілік персоналдарына арналған ғимаратының құрылысы келіп тұр. Осылайша, біздің кәсіпорын толығымен Индустриалды аймаққа қоныс аударатын болады», – деп хабарлады «Электробар» ЖШС жобасының жетекшісі Нұрлан Нүсіпбеков.
Бұдан бұрын кәсіпорын алаңы 1300 шаршы метрді құрайтын үй-жайды жалға ала отырып, қаланың Алмалы ауданында орналасқан болатын. Индустриалды аймағының аумағында компанияға алаңы 0,7 гектарды құрайтын жер телімі бөлінді, қазір оған 187 млн. теңге инвестиция салынды.
«Электробар» компаниясы 2010 жылы құрылды, онда шамамен 30 адам жұмыс істейді. Өндірістік қуаты жылына 600 бірліктен астам электротехникалық бұйымдар шығаруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, кәсіпорынның электрлік жарықтандыру жабдықтарын (led-шамдарын) шығаруды жолға қою жоспары бар.