Б. Сағынтаев метроның жаңа бекеттерінің құрылыс барысын тексерді

Б. Сағынтаев метроның жаңа бекеттерінің құрылыс барысын тексерді
Бүгінде «Сарыарқа» бекетінде әрлеу, абаттандыру және инженерлік желілерді төсеу жұмыстарын аяқтау қажет
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев екінші бастау кешені мен «Сарыарқа» және «Достық» бекеттерінің құрылыс мәселелері бойынша көшпелі жұмыс кеңесін өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv

Мегаполис әкімі бекеттерді абаттандыру, жолдарды төсеу және тоннелдерді ұңғылау жұмыстарының қалай жүріп жатқанын тексерді. Б. Сағынтаев туындаған мәселелерді жедел шешуді және тек қала ғана емес, еліміз үшін де маңызды осынау ауқымды құрылысты аяқтау үшін күш-жігерді біріктіруді тапсырды.

Көшпелі кеңесте мердігерлер екінші бастау кешенінің техникалық іске қосылуы мен екі бекеттің пайдалануға берілуі жыл соңына дейін жүзеге асуы жоспарланғанын хабарлады.

Метрополитеннің бірінші желісінің екінші кезеңінің екінші бастау кешені Абай даңғылының астына, Алтынсарин даңғылынан батысқа қарай Яссауи көшесіне дейінгі жерде орналасқан. Кешен қума тоннелдерден және екі бекеттен – терең қазылған пилон типте жасалған «Сарыарқа» және таяз қазылған «Достық» бекеттерінен тұрады. Жобаның жалпы дайындығы 80%-ға жуық.

Бүгінде «Сарыарқа» бекетінде әрлеу, абаттандыру және инженерлік желілерді төсеу жұмыстарын аяқтау қажет. Бекет «терең қазылған» түрге жатады, пилон типті және бір вестибюлден және екі кіреберіс топтан тұрады. Бекетте 2 лифт және 8 эскалатор қарастырылған.

«Достық» бекетінде де әрлеу, абаттандыру және инженерлік желілерді төсеу жұмыстары жүріп жатыр. Бекет таяз қазылған бағаналы типті, мұнда екі вестибюль мен алты кіру топтары болады.

Мамандардың есептеуінше, екінші бастау кешені іске қосылғанда күнделікті жолаушылар ағыны шамамен 85 мың адамды құрайтын болады. Осылайша, метрополитендегі жолаушылар тасымалының көлемі едәуір артады және Абай даңғылының жүктемесі айтарлықтай азаяды.

Новости партнеров