Онлайн зообақ: Енді алматылықтар хайуанаттар бағына онлайн экскурсия жасай алады

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv
«Тыныштық аймағы» деп аталатын зообақтың бұл бөлігіне келушілер мүлдем кіргізілмейді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Енді жануарлардың күнделікті тұрмыс-тіршілігін онлайн экскурсиядан көруге болады. Мәселен, бүгін хайуанаттар бағының қызметкерлері тікелей эфирде «тыныштық аймағындағы» құстардың ерекшеліктері жайлы әңгімеледі. Онлайн-экскурсияларды қайдан тамашалауға болады? Жалпы елдегі карантин шаралары ақпарат құралдарының жұмысына қалай әсер етті? Тақырыпты   Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай тарқатсын.

«Тыныштық аймағы» деп аталатын зообақтың бұл бөлігіне келушілер мүлдем кіргізілмейді. Себебі мұнда құстар жұмытқаларын салып, оларды инкубациялау процесі жүреді. Сондықтан шулауға, әлбетте, қатаң тыйым салынған.

Алматылық хайуанаттар бағы әлемге жыртқыш құстарымен танымал. Олардың балапан басып шығаруы үлкен шыдамдылық пен ұзақ уақытты талап етеді. Жұмыртқалар бірнеше ай бойы инкубаторларда сақталады. Балапандар өскен соң, не сатылымға қойылады, не басқа зообақтарға жіберіледі.

Зообақ мамандары тікелей көрсетілімді жануар сүйгіш тұрғындар үшін арнайы ойлап тапқан. Онлайн-экскурсияларды орталықтың инстаграм әлеуметтік желісіндегі парақашасынан көруге болады.

«Тұрғындар бізді ұмытып кетпеуі үшін тікелей эфир өткізу жұмыстарын қолға алдық. Көрсетілімдер барысында бақтағы жануарлардың ерекшеліктерін баяндаймыз. Бізде қатып қалған жоспар жоқ. Себебі экскурсия барысында көрермендер түрлі сауалдар қойып, өздерін не қызықтыратынын айтады. Біз барынша барлық сұрақтарға жауап беруге тырысамыз», – деді Алматы зоологиялық паркі қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Ақжами Рахимова.

Тұрғындармен қоса карантиннің біткенін хайуанаттар бағындағы кейбір жан-жануарлар да асыға күтіп жүрген сыңайлы. Қазір жабық орталықта бірен-саран қызметкерлерден басқа адам жүрмейді. Зообақ мамандары, әсіресе, қонақжай маймыл, салпыерін сияқты жануарлар күйзеліске түсіп жатыр дейді.

Бұл аймақты мынадай салпыеріндер отбасы мекен етуде. Шөпқоректі ерекше тіршілік иесі өте бауырмал болып келеді. Карантинге байланысты бұл жануарлар бірнеше ай бойы келушілерді көрмеген. Зообақ қызметкерлернің айтуынша олар адамдарды қатты сағынып жүр.

Есесіне тыныштық сүйгіш жануарларға карантин майдай жаққан. Кейбір кербез аң-құстар олардың мазасын алғанды ұната бермейді екен.

«Жануарларға карантин кезінде өте көп әсерін тигізді. Себебі  біраз малдарымыз бар тыныштықты сүйетін. Олар жақсы демалып қалды. Ал біраз жануарларымыз сағына күтуде көрермендерді», – деді жануарлар күтушісі Ермахұхаммед Нұрғазиев.

Айта кету керек, Алматы зоологиялық паркі алғашқы келушілерін сонау 1937 жылы қарсы алған. Одан бері тіпті ұлы Отан соғысы кезінде де жұмысын тоқтатпапты. Ал, мамыр айынан бастап өткізілген әр экскурсия зообақтың парақшасында сақтаулы. Одан бөлек, желі пайдаланушылары өздеріне қызықты тақырыптарды ұсына алады.  

Сымбат Ноғай, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров