|
31.01.2022 | 19:19
5747

Президент әкімшілігінің басшысы Алматының жаңа әкімін таныстырды

Мәслихат депутаттары қаланы қалпына келтіруге, шағын және орта бизнесті дамытуға, халықтың табысын арттыруға назар аударылуы тиіс екенін айтты

Президент әкімшілігінің басшысы Алматының жаңа әкімін таныстырды открытые источники

Бұрынғы Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Президент Жарлығына сәйкес Алматы қаласының әкімі болып тағайындалды. Президент әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошанов мегаполиске арнайы келіп, Алматы жұртына жаңа әкімді таныстырды. Сондай-ақ қалалық мәслихат депуттары кезектен тыс сессияда Ерболат Асқарбекұлының қызметін бірауыздан қолдап, оған сәттілік тіледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

 

Ерболат Досаев – Алматы қаласының тумасы. 2019 жылдан бері Президент жарлығымен Ұлттық банк төрағасы қызметінде болды. 1998 жылы Премьер-министрдің кеңесшісі болып жұмысын бастаған ол бірнеше басшылық қызметтерді атқарды. Атап айтсақ, 2012-2013 жылдар аралығында экономикалық даму және сауда министрі болды. Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігін, Қаржы, Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау агенттігін басқарды. Бүгін жаңа қызметіне кіріскен әкім Алматыны дамыту жолында аянбай еңбек ететінін айтты.

«Мемлекет басшысының сенімін анықтауға бар күш-жігерімді жұмсаймын. Алматыны бұрынғы қалпына келтіріп, одан ары дамытып көркейту мен үшін ең маңызды міндет.

Осындай сын сағатта бәріміз жұдырықтай жұмылып, жұмыс істейтінімізге сенім білдірігім келеді. Бүгінде біз Алматы тұрғындарымен бірге екенімізді көрсетуіміз керек деп ойламын», - деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Ал 2 жылдан астам уақыт мегаполистің дамуына үлес қосқан Бақытжан Сағынтаев 2019 жылдың 28 маусымы күні Алматы қаласының әкімі болып қызметіне кіріскен еді. Мемлекет басшысының жарлығымен Алматы қаласының әкімі қызметінен босатылды. Ол бүгін қала активінің отырысында қызмет жолында көпшілікке қолдау білдіргені үшін алғысын жеткізді.

«Көптеген іс-шара атқарылды. Бұл бір ғана ааматтың қолынан келмейтін нәрсе. Егер қасында әріптесі, көмекшісі, қолдаушысы болмаса. Бүгінгі атқарылған жұмыстың бәрі бірге істегеннің арқасында. Сол үшін де сіздердің қолдауларыңызға, көмектеріңізге рақмет. Ешкімді бөліп-жарғым келмейді», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.  

Алматы – ел экономикасының басты қозғаушы күші. Өнеркәсіп, байланыс, құрылыс, тұрғын үй сынды әлеуметтік басым бағыттар қарқынды дамыған мекен. Қоғам белсенділері мен мәслихат депуттары осы сынды ауқымды жұмыстарды тоқтатпау басты міндет екенін айтты. 

«Алматы – ірі мегаполис. Күн санап аумағы мен халық саны өсіп келе жатыр. Қазір мегаполисте 2 млн 200 мың адам бар. Сәйкесінше, қордаланған мәселе де аз емес. Бұл қаланы дамыту жолында баршамыздың бірігіп еңбек етуіміз керек екенін көрсетеді. Бизнеске көңіл бөлуіміз қажет. Шағын және орта бизнес нысандары республика бойынша осы Алматыда ең көп шоғырланған», - деді қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Рахман Алшанов.

«Қазақтың бар қаймағы, кешегі өткен ұлылардың табының ізі қалған бұл киелі қалаға басшы болу – үлкен жауапкершілік. Бұл кісінің алдында Қаңтар қырғынынан кейін көңілі пәс түскен алматылықтардың жасампаз жігерін қайрап, ортақ мақсатқа жұмылдыру міндеті тұр. Бұл оңай міндет емес», - деді қалалық мәслихат депутаты Рахат Шимашева.

Мәслихат депутаттарының айтуынша, қаланы қалпына келтіруге, шағын және орта бизнесті дамытуға және халықтың табысын арттыруға басты назар аударылуы тиіс. Бұл ретте қоғам белсенділері мен сала басшылары жаңа әкімге сәттілік тіледі.

Ұлағат Арғын, Мұрат Тайжанов, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир