Биыл Алматыда самокат мінгендер 30-ға жуық жол апатына себепші болды. Тұрғындар мұны арнайы веложолдардың аздығымен байланыстырып отыр. Айтуларынша, құжатты қажет етпейтін көлік иелері жаяу жүргіншілер жолағымен жүруді әдетке айналдырған. Ал заң деңгейінде самокаттың қозғалысы қалай бақыланады? Шаһарда мұндай көліктерге жағдай жасалған ба? Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай анықтап көрді.
Алматыда күніне 700 мыңдай көлік қозғалады. Ұзын-сонар кептелістен шаршап, күн райы жылына сала темір тұлпардан жеңіл транспорт түрлеріне ауысатын алматылықтардың қатары көбейіп келеді. Әсіресе, самокат мінген тұрғындарды қала көшелерінен жиі кездестіруге болады. Әу баста олар негізігі көлік жолдары мен веложолақта қозғалып жүрді. Дегенмен ешқандай лицензиясыз жүріп-тұратын транспорт иелеріне биыл автомобиль жолымен жүруге тыйым салынды.
«Сағатына 80 шақырым жылдамдықпен жүретін самокаттар бар. Бірақ Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, олар жол қозғалысына арналған техникалық құрал болып табылмайды. Яғни, жол қозғалысы туралы заң бойынша самокат сияқты көлік құралы жоқ. Бүгінгі күні электросамокаттарға жолдар мен трассаларда жүруге үзілді-кесілді тыйым салынады», – деді ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
Қалалық мобилділік басқармасының мәліметінше, қалада жалға берілетін самокаттардың саны бүгінде 2 мыңға жетеді. Салдарынан жаяу жүргіншілер мен самокат иелері тротуарды өзара бөлісе алмай жүр. Тұрғындарды айтуынша, электрлі самокат тізгіндегендер тым үлкен жылдамдықпен жүреді және жол ережелерін жиі сақтамайды.
«Жаяу жүргіншілер жолымен жүруге тыйым салу керек. Өйткені қарттар, ауру кісілер, балалар жүреді. Сондықтан біз қарсымыз. Жаңа ғана мен қолын ұстап келе жатқанда соғып кете жаздады», – деді қала тұрғыны Тұрған Шыттыбаева.
«Адамдарға да, самокатты айдайтындарға да кішкене сақ болу керек. Жан-жағына қарау керек. Өйткені веложолмен адамдар да жүреді. Жаяу жүргіншілер жолымен жүрмейді», – деді қала тұрғыны Дәлел Жұмаев.
«Бір аптаның ішінде самокаттардың қатысуымен бірнеше жол көлік апаты болды. Самокат айдайтындар ережелерді сақтайтын болса, көліктерден жақсы деп ойлаймын», – деді қала тұрғыны Ғани Еркінұлы.
Қалалық мобилділік басқармасы өкілдері алдағы 10 жылда баламалы транспорт үшін бар жағдай жасалады деп сендірді. Шаһарда жыл соңына дейін шамамен 10 шақырымдық жол инфрақұрылымы іске қосылмақ.
«Бүгінгі күні Алматы қаласында велоинфрақұрылым стартегиясын дамыту жұмыстары жүргізіліп, сол жоба аяқталу жобасында. Ол стратегияда Алматы қаласында 2030-ға дейінгі толығымен бір-бірімен қосылған инфрақұрылымды жолдар қарастырылған. Яғни, он жыл шамасында біз жаңадан 140 шақырымға жуық инфрақұрылымды іске қосуымыз керек», – деді қалалық мобилділік басқармасының бөлім басшысы Абылайхан Омархан.
Еуропада баламалы көліктер үйреншікті транспорт түріне айналып үлгерген. Тіпті, мемлекеттік және аймақтық дәрежедегі заңдар да қарастырылған. Мәселен, Францияда самокаттардың жүру жылдамдығы сағатына 25 шақырымға дейін шектелді. Ал Литвада темір тұлпардан бас тартып, экологиялық таза велосипед, скутер немесе самокатқа ауысқандарға арнайы субсидия бөлінеді екен.
Сымбат Ноғай, Әрсен Сандыбаев, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы