Биыл Жетісу ауданындағы учаскелерді абаттандырып, аулаларды жөндеуге қосымша 300 миллион теңге бөлінді әрі 23 жоба жүзеге асады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қала әкімімен кездесуге жиылған көпшілік шаһар басшысына ауданның қоғамдық кеңістікті құру мен инфрақұрылымға қатысты мәселелерін айтты. Жұрт базынасына құлақ асқан қала әкімі жауаптыларға тиісті тапсырма берді.
Жетісулықтардың басты түйткілі су мен кәріз жүйесі. Сондықтан қордаланып қалған мәселені жеткізуге келген жұрттың саны көп болды. Оның ішінде аудандағы инфрақұрылым да қалыс қалған жоқ. Қала басшысы жасаған баяндамадан кейін 4 қатар қойылған микрофонға кезекке тұрған тұрғындар әр түрлі сұрақтарын жаудырды. Бірі баспанасы жоғын айтса, біреуі тіркеуге тұруды сөз қылды. Ал Бөкейханов көшесінің тұрғындары жарық пен жол мәселесін шешіп беруді сұрады.
«10 жылдан бері арызданып жүрміз. Су құбыры, кәріз жүйесі жоқ. Жарық бағандары ескі. Базарлар көшенің быт-шытын шығарды. Асфальт төселмейді. Табиғат, Қайрат көшелерін су басып жатыр», – деді қала тұрғыны
«Жоспардағы 68 көшеге кіргіземіз. Су мен кәріз құбырын жөндейміз», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Сұрақтарға барынша жауап берген қала әкімі Ерболат Досаев биыл Қазыбаев, Тәтібеков, Рысқұлов, Боралдай көшелері мен Райымбек, Сейфуллин даңғылы арасындағы су құбыры желілерін реконструкциялау және кәріз жүйесін салу жұмыстары аяқталатынын жеткізді. Кездесуде балалар алаңын салу жайы да сұраусыз қалған жоқ. Одан бөлек, Айнабұлақ шағынауданының тұрғындары оқушыларға арналған жүзу бассейнінің жоқтығын айтты.
«3 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталғаннан кейін балаларға арналған барлық спорт секция тегін болады»,– деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев
Жиынға шаһар басшысынан бөлек аудан әкімі мен басқарма басшылары қатысты. Ерболат Досаев әрбір тұрғынның базынасы ескеріліп, нақты шешім қабылдануы қажет деді. Ыстық су мәселесін айтып келген Көкжиек халқының да түйткілі назардан тыс қалмады.
«Бізде 20 күнге ыстық су өшіріледі. Қыста суық. Неге? Осыдан 2 жыл бұрын Бақытжан Сағынтаев уақытын ең болмағанда 7 күнге қысқартсын деп тапсырма берген еді. 10 жыл болды мәселеге. Осыны шешіп берсеңіз. Тапсырма беріңізші», – деді қала тұрғыны.
«Бұл мәселені білемін. Биыл қолға аламыз. Менің бақылауыма аламын», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаев.
3 сағаттай болған кездесуде қойылған сұрақ көп. Бірден жауап берілгені де, қағаз түрінде қабылданғаны да бар. Ал тікелей сұрақ қойып үлгермегендер арнайы ашылған концелерияға жазбаша нұсқасын қалдырды. Айта кету керек, бұған дейін шаһар басшысы 4 ауданның тұрғындарымен кездескен еді.
Аяулым Көлжігіт, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы