Биыл 5 мыңнан астам алматылық отбасыға жаңа пәтердің кілті табысталады. Одан бөлек, қаладағы мектеп тапшылығы шешіліп, әлеуметтік қызмет көрсету сапасы арта түспек. Бүгін шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев қаладағы құрылыс жұмыстарымен танысып, жоспарға сай жүріп жатқан ғимараттың сапасын тексереді. Әлуметтік нысандар қашан пайдалануға беріледі? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын толығырақ айтып берсін.
Әкім алдымен Медеу ауданындағы әлеуметтік қызметкерлер үйін көрді. Нысан ақпан айында пайдалануға берілмек. Енді тұрғындар үшін әлеуметтік қызметтерді алу әлдеқайда жеңілдей түспек. Себебі бір нысанның ішінде түрлі саланың 40-тан астам жауапты маманы жайғасады.
Ғимаратта дәл қазір құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Жоспарға сәйкес, нысанның бірінші қабатында Open space орталығы, екінші қабатында жұмыспен қамту, ал үшінші қабатында әлеуметтік әл-ауқат басқармасының мамандары отырады. Осылайша қала тұрғыны уақытын өткізбей, осында келіп сала мамандарына сұрақтарын қойып, мәселесін шеше алады.
Одан бөлек нысан заманауи кейіпте жасалады. Ғимарат ішінде балалардың ойын алаңы мен дәмхана да болады. 5 қабатты құрылыстың жалпы аумағы 9 мың шаршы метр.
«Ғимарат 40 жыл бұрын салынған ескі еді. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, бүгінде күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Атап өткеніміздей, түрлі сала мамандарын бір жерге жинап отырмыз. Осылайша әлеуметтік қызмет сапасын арттыруды көздейміз», – деді қалалық әлеуметтік әл-ауқат басқармасының бөлім басшысы Қайырғазы Қазыбеков.
Ал, Түрксіб ауданында 1500 орындық білім ордасы бой көтеріп жатыр. Бұл қаладағы оқу орны жетіспеушілігі мен үш аусымда оқитын мектептерді азайтады. Мұнда «Жұмыспен қамту – 2020» жол картасы арқылы 430-дай азамат жұмыспен қамтылған. Ал, жаз шыға олардың саны 700-ге жетпек.
«Мектеп құрылысын жыл соңына дейін аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Жоспар бойынша, екі спортзал, 200 орынға арналған асхана болады. Әр сынып 25 балаға арналып салынады. Сонымен қатар, мектеп тек бір ауысымда жұмыс істеуге қарастырылған», – деді мердігер ұйым өкілі Иван Бакулин.
«Балаларымыздың бәрі мектепке, орталыққа барады. Кейде кешігіп қалады, кейде бара алмай қалады. Енді осы мектеп бітсе, бәріміз осында беруге дайын отырмыз», – деді Түрксіб ауданының тұрғыны Абай Күнбаев.
Одан өзге, шаһар басшысы Жас қанат ықшам ауданында құрылысы басталған спорт-сауықтыру кешенінің жоспарымен танысты. Онда алты жолақты екі бассейінмен бірге баскетбол, футбол алаңы да болады. Басты мақсат – бұқаралық спорт пен салауатты өмір салтын насихаттау.
«Сонымен қатар, сыртта жүгіру алаңдар мен воркаут алаңдары салынады. Қазір құрылыс енді басталды. 15 адамды бағдарлама бойынша жұмысқа алдық. Алдағы уақытта құрылыс жүре бастағанда адам аламыз», – деді мердігер ұйым өкілі Азамат Тілеумаханов.
Халық игілігі үшін бой көтеріп жатқан әлеуметтік нысан үшін бәрінен бұрын аудан тұрғындары риза.
«Әрине, спорт деген жақсы ғой, сыртқа шығып таза ауа жұтса, күн ұзаққа үйде отыра бермей. Бассейн деген өте күшті», – деді Түрксіб ауданының тұрғыны Әсия Абылаева.
Ал, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекет алдында тұрған ең өзекті мәселенің бірі. Осы орайда Бақытжан Сағынтаев Қайрат ықшам ауданындағы 9 қабатты тұрғын үйдің құрылысын тексерді.
«Қарашаның басында бастадық жұмысты, көпқабатты тұрғын үй. Бұл жерде 360 пәтер. 72 пәтерден 5 үй салынып жатыр. Артқы жағымызда жол болады, үлкен аллея болады. Ол аллея мектепке апарады, сонда мектеп салынып жатыр қазір», – деді мердігер ұйым өкілі Рүстембек Жақпанов.
«Жаңа Алматы» жобасы аясында қала аз уақыттың ішінде түрленіп, бұқараның әлеуметтік жай-күйі оңалып келеді. Қала әкімі жұмыс күнін қорытындылай келе, тиісті сала басшыларына жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарының сапасы мен уақтылы аяқталуына баса назар аударуды тапсырды.
Ұлағат Арғын, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы