Алматы 30 жылда ашық қоғам қалыптастырудың драйверіне айналды –ҮЕҰ өкілдері

Almaty.tv
Almaty.tv
Әкімдік өкілдері мен қоғамдық бірлестіктердің қатысуымен ынтымақтастық және өзара іс-қимыл жөнінде кеңес өтті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы 30 жылда елдегі ашық қоғам қалыптастырудың драйверіне айнала білді. Үкіметтік емес ұйым өкілдері ашық қоғам құруда мегаполистің рөліне осылайша баға берді. Бүгін әкімдік өкілдері мен қоғамдық бірлестіктердің қатысуымен ынтымақтастық және өзара іс-қимыл жөнінде кеңес өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

Жуырда «30 жыл серіктестік аясындағы қоғам мен мемлекеттің тұрақты дамуы» тақырыбында оныншы рет Азаматтық форум өтеді. Соның қарсаңында Алматы әкімдігі үкіметтік емес ұйым өкілдерінің басын қосып, саладағы бірқатар мәселелерді талқылады. Қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың төрағалығымен өткен отырыс ашық, еркін пікір алмасу форматында өрбіді.  Тараптар Тәуелсіздік жылдарындағы азаматтық қоғамның қалай дамығанын, қоян-қолтық серіктестік қаншалықты бекігеніне тоқталды.

«30 жылда үкіметтік емес ұйымдардың саны өсіп, сапасы жақсарды. Қазір мұндай ұйымдар әр сала бойынша сараптама жасай алатын деңгейге жетті», – деді «Ақпараттық-ресурстық орталық» қоғамдық қорының директоры Алтынай Көбеева.

Маңызды заңнамалық құжаттарды қабылдағанда олардың пікірі, бастамасы ескерілетін болды. Жұмыс топтарына тікелей қатысты.

«Үкімет жағынан қолдау көбейіп жатыр. Салалық қолдау көбейіп жатыр. Мемлекеттік, әлеуметтік тапсырыстардың арқасында үкіметтік емес ұйымдардың өзінде коммерциялық қаражат жоқ. Сондықтан мемлекеттік тапсырыстарды орындау арқасында тиесілі көмекті қоғамға көрсетіп отыр», – деді «Халықаралық құқық қорғау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Жанділдә Жақыпов.

Бұл бір жағынан әкімдік жұмысын барынша ашық етсе, екінші жағынан әр саладағы қордаланған түйткілдерді шешуде өз жемісін беріп отыр дейді жиын қонақтары.

«Оқулық туралы айтайық. Ақылдасып отырып, біз осыған байланысты үлкен жұмыстар атқардық. Академия өзіміздің ұсынысымызды, оқулықтың сапасын анықтау жөнінде критерийлер жүйесін жасадық. Бірлесіп Үкіметке ұсындық. Министрлік қабылдады. 600-ден артық оқулық авторларын оқыттық. Міне, осының бәрі сол ғалымдардың бірінуінің нәтижесі», – деді педагогикалық ғылымдар академиясының президенті Асқарбек Құсайынов.

Жиын барасында мұндай серіктестіктің кемшін тұстары да тілге тиек етілді. Сарапшылар кейбір мемлекеттік органдар қоғамдық ұйымдармен бірігіп жұмыс істеуге әлі де құлық танытпай отырғанын айтады.

«Үкіметтік емес ұйымдар мен әкімдіктер арасында әлде де көзге көрінбес кедергілер бар. Бірақ екі жақтың етене қарым-қатынасынсыз шаруа өнбейтінін түсінуміз керек. Бұдан бөлек, қазір бір ғана қоғамдық ұйымға бірден маңызды 8 жобаны табыстап қояды. Бұл жағын да ескеру керек деп ойлаймын. Өйткені бұл атқарылатын жұмыстың сапасына әсер етпей қоймайды», – деді «Қоғамдық жоба» мекемесінің директоры Александр Братенков.

Сондықтан да тараптар арасындағы қатынасты нығайту өте маңызды. Жалпы, қалада бұл мақсатта 2020 жылдан бері әлеуметтік жобаларды жүзеге асыратын қоғамдық бақылау ұйымдастырылған. Сондай-ақ Алматының азаматтық альянсы да үкіметтік емес ұйымдарды біріктірген маңызды платформаға айналды.

Назкен Еркін, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров