|
01.07.2020 | 20:18
4326

Алматыда шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын тексеру жұмыстары жалғасуда

Әуезов ауданында орналасқан шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының жұмысын қадағалау бойынша бүгін тексеріске 3 мобильді топ шықты

Алматыда шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын тексеру жұмыстары жалғасуда Almaty.tv

Алматыда шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын тексеру жұмыстары жалғасуда. Бұл жолы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының мамандары жергілікті полиция қызметкерлерімен біріге Әуезов ауданының бірқатар тамақтану орындары мен сән салондарына бас сұғып, олардың жұмыстарын бақылап шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әуезов ауданында орналасқан шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының жұмысын қадағалау бойынша бүгін тексеріске 3 мобильді топ шықты. Олар мұндағы санитарлық-гигиеналық талаптардың және Алматы қаласы бас санитар дәрігерінің қаулысының сақталу-сақталмауын бақылап жүр.

Осылайша тамақтану орындарының өкілдері олқылықтардың бәрін жоямыз деп уәде беріп құтылды. Десе де кемшіліктері өте көп шағын және орта кәсіпкерлік нысандарына қатаң ескерту жасалды. Мұнда анықталған олқылықтар бұл орынның карантин талаптарына мүлде сай келмейтінін байқатты.

«Біз қазір тексерген мына екі қоғамдық тамақтандыру орны – «Тағам» және «Дегирмен». Бұл жердегі негізгі кемшіліктердің бірі келген адамдар арасындағы арақашықтықтың сақталмауы. Дене қызуын өлшеп нәтижесін бірін жазса, бірін жазбай жатыр. Бүгін осындай кемшіліктерді дұрыстауға уақыт берілді. Ертеңге дейін кемшіліктер жойылмайтын болса, біздің тарапымыздан әкімшілік іс қозғалады бұл кісілерге», – деді Әуезов ауданы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бөлім басшысы Салтанат Бөпежанова

Тамақтану орындарынан бөлек, сұлулық салондары да тексерілді. Мұнда айтарлықтай тәртіп бұзушылық анықталған жоқ. Дегенмен  қызметкерлердің дене қызуы жазылатын журнал соңғы рет 16-сында толтырылыпты. Сол бойынша қожайынға ескерту айтылды.

Ал кей тамақтану орындарында орнатылған дезинфекциялық құралдар тексеріс тобына көрсетілген сертификатқа сай келмейді. Одан бөлек, қызметкерлердің 3 сағат сайын ауыстырып отыратын бетперделері санына жетпеді. Оларға қатысты тексеруші топ ескерту хаттарын толтырды.

Сая Меңдеке, Мұрат Тайжан, «Алматы» арнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир