Алматыда 2020 жылдың соңына дейін 90 инвестициялық жоба іске асырылады

almaty.tv
almaty.tv
Мегаполистің экономикалық қарқынын дамыту мақсатында шаһардың негізгі капиталына 900 миллиард теңге қаржы салынған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда 2020 жылдың соңына дейін 90 инвестициялық жоба іске асырылады. Мегаполистің экономикалық қарқынын дамыту мақсатында шаһардың негізгі капиталына 900 миллиард теңге қаржы салынған. Жаңа бастамаларға инвестиция тарту туралы келісім 2019 жылы өткен Almaty Investment халықаралық форумында қабылданған болатын. Қолдау тапқан жобалар қазір қалай жүзеге асырылуда? Толығырақ Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт тарқатады.

Шаһардағы индустриялды аймақта салынып жатқан бұл зауыт  жылу шығаратын құбырларды өндіретін Қазақстандағы алғашқы өндіріс ошағы. Бұған дейін қажетті өнім шетелден алынатын. Былтыр қалада өткен Almaty Investment халықаралық форумында бұл бастама қолдауға ие болып, жерді мемлекеттен жалға алуға мүмкіндік туған. Ал, құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың наурыз айында басталып, 2024 жылда аяқталмақ. Жалпы шаһарда дәл осындай 90 жобаға құйылған инвестицияның жалпы құны 900 миллиард теңгеге жетті.

«Егер қысқаша ғана айта кетер болсақ, индустриалды аймақта Hyundai зауыты ашылған болатын. Тағы да жылдың аяғына дейін 5-6 жоба іске асырылады және қаланың ішінде қосымша 4-5 өнеркәсіптік саладағы зауыттар іске асырылуға жоспарланып отыр», – деді қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин.

Осылайша, биыл пандемияға қарамастан Алматыда инвестициялар көлемі артқан. Тек соңғы 10 ай көлемінде негізгі капиталға 719 миллиард теңге тартылды. Оның 65 пайызы инвесторлардың қалтасынан шыққан. Бұл жолы шетелдік бизнесмендер қаражаттың басым бөлігін жылжымайтын мүлік нарығына бағыттамақ. Ал, жыл соңына дейін тағы 176 миллиард теңге қаржы құйылып, 15 ірі жобаны жүзеге асырыу аясында 7 мыңнан астам алматылық жұмыспен қамтылады.

«Бүгінде біз 10 ауқымды жобаны жүзеге асырмақпыз. Атап айтсақ, Алматы халықаралық әуежайында мультимедиялық ХАБ құру және Алатау ауданында фарм кластерді дамыту бағытындағы бірқатар жұмыстар. Осы жобаларды жүзеге асыру негізінде алдағы 5 жыл ішінде тағы 2 миллиард АҚШ доллар инвестиция тартуды жоспарлап отырмыз», – деді «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқармасының төрағасы Асқар Білісбеков.

Былтыр «Almaty Investment» халықаралық инвестициялық форумы Алматы үшін тиімді келісімшарттармен есте қалды. Ол кезде инвесторлар түрлі саланы қамтитын 30-дан астам жобаға қол қойған еді. Олардың жалпы құны 2 млрд АҚШ долларынан асып жығылады. Соның негізінде жүзеге асқан жаңа бастамалар қазір мегаполис экономикасының қарқынды дамуына үлес қосуда. Айта кетейік, дәстүрлі Almaty Investment халықаралық форумы биыл 3 желтоқсанда онлайн форматта шетелдік инвесторлардың қатысуымен өтетін болады.

Аяулым Көлжігіт, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы  

Новости партнеров