Жыр алыбы Жамбылдың 175 жылдығына орай жас ақындар айтысы өтті

Жыр алыбы Жамбылдың 175 жылдығына орай жас ақындар айтысы өтті
Ақтық кезеңде талай додада топ жарған 12 студент сынға түсті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

"Менің пірім - Сүйінбай". Осындай атаумен жыр алыбы Жамбылдың 175 жылдығына орай жас ақындар айтысы өтті. Ақтық кезеңде талай додада топ жарған 12 студент сынға түсті. Ал, сөз дүлдүлдерінің аламанына Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері Жүрсін Ерман, Ұлықбек Есдәулет, сондай-ақ, айтыстың ақтаңгерлері Бекарыс Шойбеков пен Серік Қалиев қазылық етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Осымен 5-нші жыл ұйымдастырылған бұл дода халықаралық деңгейге жеткен. Себебі бұл жолы бабалардан қалған ұлық өнерді паш етуге Моңғолия, Қырғызстан, Қытайдан жас ақындар келген.  

«Абай атындағы педагогикалық университеттің ректоры Тахир Балықбаев өнер түсінетін адам екен. Осы "Менің пірім – Сүйінбай" деген айтысты республикалық деңгейден бастап өткізіп, әуелі 40-50 ақын келді. Биыл "халықаралық мәртебе" берілді. Ақындардың саны шектелді. Кеше көрдік, тамаша-тамаша ақындар шықты», – деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман.

Бәсі биік бәйгеде Бекарыс Шойбеков сөз бастап, жалынды жырымен тыңдарман көңілін қош етті.

Дүбірлі додада өнер иелері пандемия, вакцинация,зорлық-зомбылыққа қатысты заңнама сынды елдегі оқиғаларды арқау етті. Сондай-ақ, көпті күлкіге қарқ қылып, қошеметіне бөленген жұптар да көп болды. Мәселен, Алтынай Қанапия мен Жанарыс Тілеубек қыз бен жігіт айтысының жарасымды үлгісін көрсетіп бірін бірі әзіл-қалжыңымен қағытып отырды. Айтыстың көркін қыздырған екі ақынға қазылар алқасы жоғары баға берді.

Бас жүлде – Бекжан Базарбек 350 мың теңгені – қанжығасына байлады. Жыр үздіктерінің ешбірі де құралақан қайтқан жоқ.

«Бізге 20 ақын келді. Кеше 6 пар, 12 ақын іріктеліп шықты. Жүлде қоры ең бірінші орынға, бас жүлдеге – 350 мың теңге. Бірінші орынға – 200 мың теңге, екінші орынға – 150 мың теңге, үшінші орынға – 100 мың теңгеден», – деді Абай атындағы ҚазҰПУ проректоры Жанатбек Ішпекбаев.

Биылғы пандемия жағдайында өткізілген айтыста ақындардың да, көрерменнің де саны жылдағыдан әлдеқайда аз болды. Барлық санитарлық талаптардың сақталуына баса назар аударылған.

Сымбат Ноғай, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров