Алматыдағы автобус парктеріне мыңға жуық жүргізуші қажет

almaty.tv
almaty.tv
Басты себеп – автобус бағыттарының аздығы, жолаушылар арасында арақашықтықтың жоқтығы, жүргізушінің дөрекілігі мен билетті қолға тапсырмау
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Қоғамдық көліктер бағытының жоқтығы, жүргізушілердің дөрекілігі және жолаушылардың автобусты сағаттап күтуі». Қала тұрғындарын көптен бері мазалаған бұл мәселе бір аптаның ішінде шешімін таппақ. Бұл туралы да  қала әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасының Akimat live бағдарламасында мәлімдеді. Ал, қазіргі уақытта расымен де шаһар аумағында қоғамдық көліктер қалай қатынайды? Автобус парктерінің басшылары әкімнің тапсырмасын қалай жүзеге асырмақ? Толығырақ Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіттің бейнематериалынан біліңіз.

Қала тұрғындары соңғы уақытта белгіленген межеге жету қиындық туғызып отырғанын айтып, жиі шағымдануда. Басты себеп – автобус бағыттарының аздығы, жолаушылар арасында арақашықтықтың жоқтығы, жүргізушінің дөрекілігі мен билетті қолға тапсырмау. Ал, карантин уақытында тіпті, қоғамдық көліктер қатынамайды. Мәселен, 102 бағыттағы автобус бойынша Akimat live бағдарламасында көтерілді. Жағдайдың мән-жайын анықтау барысында қала тұрғындары дәл осы және өзге бағыттағы автобустардың жұмысын түрлі бағалады.

Ал, шаһар басшысы автобус бағыттарында орын алатын дәл осындай олқылықтарды дереу бір апта көлемінде шешу қажеттігін атады. Қазіргі таңда автобус парктеріне мыңға жуық жүргізуші қажет және оларды арнайы дайындықтан өткізу мәселесі де өткір дейді Бақытжан Сағынтаев. Сондай-ақ, қоғамдық көліктерде қатынауда жолақыны өсірмеу үшін мемлекет тарапынан субсидия жыл сайын бөлінеді. Тек былтырғы жылға 21 миллиард теңге бөлінсе, биыл 20 миллиард қаржы бөлу жоспарланғанымен, пандемияға байланысты 10 миллиард теңге бөлініпті.

«Жүргізушілер тарапынан жіберіліп отырған бұзушылық мәселелерін жұмыс беруші қадағалайды. Олардың диспетчерлік пункттері бар. Бейнекамералары қойылған. Солар арқылы қадағалап қарап отыр. Сол жүргізушілер тарапынан осындай өрескел бұзушылықтар орын алып, жолаушылар тарапынан шағымдар түсіп жатса, бірінші кезекте ескерту жасалады. Екіншіден, премия берілмейді. Тағы қайталанса, онда жұмыстан шығарылады», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Ал, қалалық автопарк басшыларының бірі шаһар аумағында 102-бағыттағы 22 автобус  уақытылы қатынайтынын айтады. Жүру аралығы 8-9 минуттан аспайды. Барлығы судай жаңа, сыйымдылығы орташа және жүргізушілердің тәртібі әрдайым қадағаланып бейнебақылаумен тексеріліп отырады деді. Егер қоғамдық көліктер оқыс жағдайға тап болса, орнына резервтегі автобустар шығады. Жалпы аталған автопаркте 222 автобус 11 бағыт бойынша қатынайды.  

«Соңғы екі аптада 102 маршруттың кешігуі дегені ондай болған емес. Оның бәрін өзіміздің «қозғалыс тарихы» бойынша көрсете аламыз және оны сіздерге «Транспортный холдинг Алматыдан» да дәлелдеп бере аламыз», – деді қалалық № 4 автопарктің басшысы Серік Үрімбаев.

Қазіргі таңда мегаполисте барлығы 137 бағытта 17 автобус паркінде 1786 қоғамдық көлік бар. 2020 жылдың бірінші жартысында электрондық транзакциялардың орташа тәуліктік саны күніне шамамен 700 мың теңгені құраса, қолма-қол төлемдер үшін 20 мың болған. Ал SMS арқылы 8 мың транзакция жасалыпты. Сондай-ақ, 2019 жылы жағдайды біршама жақсарту мақсатында 450 автобус сатып алынса, биыл 3 қалалық және 5 сырт өңірлерге арналған бағытқа 197-сін сатып алу жоспарланып отыр.

Аяулым Көлжігіт, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров