Бүгін Нұр Отан партиясы мен қалалық әл-ауқат және қоғамдық даму басқармасы жоғарғы оқу орындарын аралап, ондағы мүмкіндігі шектеулі жандарға қаншалықты жағдай жасалғанын тексеріп қайтты. Іс-шара "Кедергісіз келешек" партиялық жобасы аясында іске асып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Біз бұл ғимараттарды қайта жасап жатырмыз. Кейбіреулеріне жасыратыны жоқ, 3-4 рет келіп жатырмыз 3-4 жылдың ішінде. Өкінішке орай, көрдіңіздер, бізде тәртіп жоқ. Жаңа көріп отырсыз, мына ҚазҰУ-де де бәрін аудиторияға дейін айтып отырмын. Өйткені білемін кемістігін», – деді «Алматы қалалық мүгедектер қоғамы» ҚБ басқарма төрағасы Әли Аманбаев.
Қаладағы бірқатар беделді оқу орындарын аралаған өкілдер мүмкіндігі шектеулі жандарға тиісінше жағдай жасалмаған дейді. Бүгінге дейін өткізілген бірнеше тексеру жұмыстары нәтижесіз аяқталғандықтан, мониторингтік топ ендігіде арнайы шара қолданылатынын ескертті.
«Қазіргі таңда Алматыдағы ғимараттардың қолжетімділігін тексеріп, мониторинг жасап жүрміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалмағанын, керегінше көмек көрсетілмейтінін байқап отырмыз. Партия тарапынан, әкімдік тарапынан іс атқарылады, осы бағытта жұмыс істейтін боламыз», – деді Nur Otan партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Серік Есматов.