Алматы ипподромында спортшыларға заманауи жағдай жасалмақ
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Жетісу ауданындағы ипподромға барды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бір ғасырға жуық тарихы бар нысанның қала тұрғындары үшін орны ерекше. Ипподром шаһардағы ат спортының дамуы мен ұлттық спорт түрлерін дәріптеуде маңызды рөл атқарады. Бұған дейін мұнда ұлттық спорт пен ат спортына арналған қалалық іс-шаралар да ұйымдастырылған.
Биыл тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ипподром қаланың коммуналдық меншігіне қайтарылған еді. Дархан Сатыбалды нысанның аумағы мен инфрақұрылымын жаңарту қажеттігіне тоқталды.
Оның айтуынша, ғимараттар мен құрылыстарды қалпына келтіріп, трибуналарды, атқора кешенін, спорттық және жаттығу жолдарын, инженерлік желілерді реттеу, сондай-ақ аумақты көркейту қажет. Ипподромды одан әрі дамыту барысында оның тарихи маңызын сақтап, спортшылар мен келушілерге, сондай-ақ жарыстар өткізуге заманауи жағдай жасау жоспарланып отыр.
– Мұнда иппотерапиямен айналысуға, аттарды жалға алуға және бәйге өткізуге жағдай жасалған. Ұлттық спорт түрлерін дамытуға да мүмкіндік бар. Көкпар өткізіледі, қазір полоны қолға алып жатырмыз. Конкурды да ашуды жоспарлап отырмыз. Бұған дейін бүркітшілер жарысы мен Қала күніне арналған іс-шаралар өтті, – деді Алматы ипподромының директоры Ғалымжан Оразалин.
Ипподром ұлттық спорт өкілдерінің жаттығуына да қолайлы алаң саналады.
– Ипподром бізге өте ыңғайлы әрі дайындық жүргізуге қолайлы. Мұнда атпен шабуға, теңге ілу мен құсбегілікке қажетті жағдай бар. Бізге мүмкіндік жасап отырған қала әкімдігі мен ипподром басшылығына алғыс білдіреміз, – деді «Топжарған» этно-мәдени орталығының жетекшісі Ғабит Таңатов.