Алматы әкімі тұрғын үй кешеніндегі мәселелерді тексеруді тапсырды

instagram.com/darkhan_satybaldy_official
instagram.com/darkhan_satybaldy_official

«12 месяцев» тұрғын үй кешенінің тұрғындары төрт жылдан бері шешілмеген мәселені көтерді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Алмалы ауданындағы «12 месяцев» тұрғын үй кешенінің тұрғындарымен кездесіп, оларды алаңдатқан мәселелерді талқылады. Кездесу барысында үйлердің шатырынан су ағуы, кіреберіс жолдың болмауы және құрылыс салушының міндеттемелерін орындамауы сөз болды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Әкімнің айтуынша, тұрғын үй кешеніндегі үйлердің басым бөлігінің шатырынан су ағып, соның салдарынан жоғарғы қабаттағы пәтерлерге зиян келген.

– Кешендегі үйлердің көпшілігінің шатырынан судың ағуы – тұрғындарды алаңдатып отырған негізгі мәселелердің бірі. Соның салдарынан жоғарғы қабаттағы пәтерлер зардап шегіп отыр. Түйткілді бақылауға алып, құрылыс салушы «Қазақстрой» ЖШС-нің анықталған кемшіліктерді толық жоюын талап етеміз, – деді Дархан Сатыбалды.

Тұрғындар кешенге кіріп-шығатын толыққанды жолдың жоқтығын да көтерді. Бұл жағдай көлік қатынасын қиындатып қана қоймай, төтенше жағдай кезінде арнайы қызметтердің оқиға орнына жетуіне де кедергі келтіреді.

Сонымен қатар жоба аясында құрылыс салушы Мұратбаев көшесінің бойындағы бірінші қатарда орналасқан жеке тұрғын үйлерді сатып алуға міндеттеме алған. Алайда төрт жыл өтсе де, бұл жұмыс аяқталмаған.

– Төтенше жағдайлар департаментіне Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасымен бірлесіп, тұрғын үй кешені мен оған іргелес көшелерді тексеруді тапсырдым. Тексеру қорытындысы бойынша арнайы техниканың кедергісіз жетуіне жағдай жасау және тұрғындардың көлік қатынасын жеңілдету жөнінде нақты шаралар әзірленуге тиіс, – деді қала әкімі.

Оқи отырыңыз: Алматыда Алма-Арасан көшесінің бір бөлігі бір айға жабылады