Almaty SuperSki жобасы аясында ғылыми зертхана салынады

Almaty.tv.
Almaty.tv.

Мұнда биология, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін зерттеу бағытында ғылыми жұмыстар жүргізілмек

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Almaty SuperSki жобасы аясында туристік инфрақұрылыммен қатар, ғылыми-танымдық бағытты дамыту да көзделіп отыр. Осы мақсатта аумақта үлкен ғылыми зертхана салу жоспарланған. 
Мұнда биология, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін зерттеу бағытында ғылыми жұмыстар жүргізілмек, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Мамандардың айтуынша, мұндай орталық тек зерттеушілер үшін емес, табиғатқа қызығушылық танытатын туристер үшін де танымдық алаңға айналуы ғажап емес.

Ғылыми орталықтың ашылуы туристік қызмет түрлерін әртараптандыруға да мүмкіндік береді. Мәселен, танымдық экскурсиялар ұйымдастыру, гид қызметін дамыту және жергілікті табиғи ерекшеліктерді таныстыру бағыттарына сұраныс артуы мүмкін.

Бұл өз кезегінде жергілікті кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырады. Ал университет ғалымдарының зерттеулері туристік қызметтің мазмұнын байытып, келушілерге ұсынылатын сервистің сапасын арттыруға негіз бола алады. 

"Аймақта үлкен ғылыми танымдық лабораторияның салынуы жоспарланып отыр. Оған ғалымдар тарапынан ұсыныстарымызды беріп отырмыз. Ол биология және өсімдіктер әлемін және жануарлар әлемін және де табиғатты зерттеу бағытында ғылыми жұмыстар жүргізуге арналған үлкен танымдық лаборатория болады", -деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ботаника және агроэкология кафедрасының меңгерушісі Нұрсұлу Ахтаева.

Оқи отырыңыз: Алматының үш туристік нысаны әлемдік үздіктер қатарына енді