Алматыда Қазақстанның болашаққа арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы талқыланды. Мемлекеттік органдардың өкілдері, сарапшылар қауымы және азаматтық сектор өкілдері бас қосып, атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығарып, алдағы кезеңге арналған жаңа тұжырымдаманың бағыттарын айқындады. Кездесуде жемқорлықты жүйелі түрде жоймай, мемлекеттің тұрақты дамуы мүмкін емес екені айқындалды, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Талқылауды ашқан Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенұлы бұл әлеуметтік дертпен күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін атап өтті.
– Әлемде ешбір мемлекет жемқорлық деңгейін барынша төмендетпей, тұрақты даму жолына түсе алмайды. Тұрмыстық деңгейдегі немесе жүйелі құқық бұзушылық болсын – мұның бәрі қоғамның ілгерілеуіне кедергі келтіріп, ел дамуына тосқауыл болады, – деді ол.
Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы бастамашылық еткен реформалардың негізгі бағдары «Заң мен тәртіп» қағидаты екенін ерекше атап өтті.
Стратегиялық жоспарлау тақырыбын жалғастырған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Еркеболат Нұржігітов қазіргі кезең барлық әлеуметтік топтың пікірін біріктіру уақыты екенін жеткізді.
– Басты мақсатымыз – нақты әрі іс жүзінде қолдануға болатын ұсыныстар алу. Мемлекеттік құрылымдардың, бизнестің және азаматтық қоғамның пікірін ескере отырып, тиімді шешімдер қабылдау өте маңызды, – деді ол.
Оның айтуынша, цифрлық трансформацияны дамыту және комплаенс институттарын күшейту негізгі басымдықтардың қатарында.
Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті бөлімінің басшысы Қанат Сәлімбаев мемлекеттік қызмет жүйесін реформалаудың практикалық қырларына тоқталды. Оның пікірінше, жемқорлықпен күресте тек жазалау шаралары жеткіліксіз, заң бұзуды тиімсіз әрі мәнсіз ететін жағдайлар қалыптастыру қажет.
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – бұл біржақты процесс емес. Бұл – мемлекеттік қызметшілердің, кәсіпкерлердің және қарапайым азаматтардың өзара әрекеті. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілерді ынталандыру жүйесін қайта қарау қажет. Кейде бір қызметкер бар жұмысты атқарып, өзгелері сол деңгейде жалақы алады. Бұл жалпы мотивацияны төмендетеді. Банктік сектордағыдай тиімді жұмыс істейтін қызметкерлерге бонус пен көтермелеу жүйесін енгізуді ұсынамын, – деді Қанат Сәлімбаев.
Оның айтуынша, егер қызметкер қоғамға пайда әкеліп, тиімді жұмыс істесе, ол өз еңбегінің нәтижесін сезінуі тиіс. Әйтпесе, формализм күшейіп, істің ілгерілеуіне кері әсер етеді.
Ғылыми тұрғыдан мәселені әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кафедра меңгерушісі Қарлығаш Рахымжанова тарқатты. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда «кластерлік басқару» жүйесін енгізуді ұсынды. Оның пікірінше, жоғары оқу орындары ертең мемлекеттік қызмет пен бизнеске келетін жастардың «академиялық адалдығын» қалыптастыратын негізгі орталыққа айналуы тиіс.
Оқи отырыңыз: 20 мектеп, 199 мың жұмыс орны және 1000 аула: Алматыда «Аmanat» партиясының сайлауалды бағдарламасы қалай жүзеге асырылуда