Алматыда жеті кітапхана тәулік бойы жұмыс істейді
Кітап қоры толықтырылып, техникалық жабдықтары жаңартылған
Алматыдағы жеті кітапхана тәулік бойы қызмет көрсетеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қала тұрғындары мұнда түнгі уақытта да келіп, емтиханға дайындалып, ғылыми жобаларымен айналыса алады. Заманауи үлгіде жабдықталған кітапханаларда оқырмандарға қолайлы жағдай жасалған.
Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқырмандарға тәуліктің кез келген уақытында қолжетімді болатын кітапханалар желісін қалыптастыруды ұсынған еді. Бүгінде бұл бастама Алматыда кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді.
Қаладағы 28 кітапхананың басым бөлігі жаңғыртылған. Кітап қоры толықтырылып, техникалық жабдықтары жаңартылған. Оқу залдары мен интернетке қосылған кеңістіктердің мүмкіндігі де кеңейтілген. Бұл ретте отандық мамандар шетелдік әріптестердің тәжірибесіне сүйенген.
Тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханаларға түнгі уақытта келушілер көп. Мұнда көбіне студенттер, магистранттар мен докторанттар білімін жетілдіріп, дипломдық және ғылыми жобаларын әзірлейді. Алайда түнгі уақытта кәмелетке толмаған оқырмандар қабылданбайды.
«Түнгі уақытта кітапханаға келушілердің сұранысы өте көп. Өйткені 24/7 режимі оқырмандарға уақыт шектеуінсіз жұмыс істеуге, сабақ оқуға мүмкіндік береді. Түнде көбіне студенттер, магистранттар мен докторанттар келіп, дипломдық және ғылыми жобаларын жазады», – деді Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасының бөлім меңгерушісі Арайлым Дәулетжанова.
Оқырмандардың бірі мұнда емтиханға дайындалса, енді бірі өз білімін жетілдіруге уақыт бөледі. Кітапханаға келушілердің айтуынша, тыныш әрі жайлы орта адамның ойын жинақтап, оқуға ден қоюына мүмкіндік береді.
«Қазақстанда жұмыс уақыты негізінен таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін. Ал бос уақытта өзіңді дамытуға мүмкіндік беретін осындай орталықтардың жұмыс істеуі өте маңызды. Мұндай орындардың тәулік бойы ашық болғаны ыңғайлы. Бұл – Мемлекет басшысы ұсынған үлкен мүмкіндіктердің бірі деп ойлаймын», – деді қала тұрғыны Әсем Қадынбекова.
«Ертең емтиханым бар. Сондықтан осында келіп дайындалып жатырмын. Мұнда тыныш әрі жайлы. Кітап оқуға немесе уақытыңды пайдалы өткізуге болады», – деді қала тұрғыны Арманай Орынбай.
Алматы кітапханаларына келушілер саны да артып келеді. Қалалық Мәдениет басқармасының мәліметінше, тәулік бойы жұмыс істеу форматы енгізілгелі Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасына 27 мыңнан астам адам келген. Ал Alatau Creative Hub кітапханасының оқырмандары 28 мыңға жеткен. Жалпы, қала кітапханаларына жыл сайын кемінде 3 миллион адам барады.
Сонымен қатар қалада адам көп шоғырланатын орындарда 32 автономды кітапхана жұмыс істейді. Олар метро станцияларында, ойын-сауық орталықтары мен коворкинг кеңістіктерінде орналасқан. Оқырмандар бұл орындардан өздеріне қажетті заманауи кітаптарды таңдай алады.
«Қалада адам көп шоғырланатын жерлерде 32 автономды кітапхана бар. Олар метро бекеттерінде, ойын-сауық орталықтары мен коворкинг орталықтарында орналасқан. Онда заманауи кітаптардың қоры бар. Оқырмандар өздеріне қажетті кітаптарды сол жерден де ала алады», – деді М. Әуезов атындағы кітапхананың жетекшісі Балнұр Қадырбекова.
Дегенмен кітапханаларға келушілер қатары артқанымен, елдегі кітап оқу көрсеткіші әлі де көңіл көншітпейді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны жүзеге асырылып келеді.
ГҮЛМАРАЛ ИЗАТҚЫЗЫ, Аида Иманәлі, Мейрам Исабеков, Almaty TV, Алматы