Алматының Алмалы ауданында күн сайынғы тазалық жұмыстарына 1000-нан астам адам жұмылдырылған

пресс-служба акима Алматы
пресс-служба акима Алматы
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласының Алмалы ауданында 2026 жылдың бірінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы шығарылды. Бұл туралы аудан әкімі Арман Шәмшин Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Негізгі бағыттар — тазалықты сақтау, жайлы қалалық ортаны дамыту, көгалдандыру және тұрғындардың қатысуымен жобаларды іске асыру болды, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Әкімдік жұмысының негізі — аулаларымыздың, көшелеріміздің және саябақтарымыздың тазалығы. Біз қаланың күн сайын ұқыпты көрінуі үшін жүйелі жұмыс қалыптастырдық. Бұл іске жүздеген адам мен қомақты ресурстар жұмылдырылған. Бұл қала тұрғындарының өмір сапасына тікелей әсер ететін күнделікті еңбек», — деді Арман Шәмшин.

Ауданда күнделікті тазалық жұмыстарын шамамен 1000 жол саласы жұмысшысы мен 230-дан астам арнайы техника қамтамасыз етеді. Олар шамамен 190 шақырым жолды, 860-тан астам ауланы, ондаған скверді, аллея мен жасыл аймақты күтіп ұстайды. Тұрғындардың өтініштеріне жедел жауап беру үшін тәулік бойы үш мобильді топ жұмыс істейді. Жалпы ауданда ұзындығы 186,6 км болатын 110 көше, 861 аула, 22 сквер, бір саябақ, бес бульвар және 20 жасыл аймақ бар. Жұмыстарды сегіз мердігер ұйым атқарады.

Жыл басынан бері «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында үш ірі акция өткізіліп, оның барысында 400 текше метрден астам қалдық шығарылды. Тазалық жұмыстарына тұрғындар, бизнес өкілдері, депутаттар, еріктілер және коммуналдық қызметтер белсенді қатысты. Сонымен қатар білім беру және денсаулық сақтау мекемелері де қосылып, апта сайынғы сенбіліктерді қала тұрғындары қолдап отыр.

«Біз тұрғындардың өздері бірігіп, аулаларын тазалауға шығып жатқанын, кәсіпкерлердің іргелес аумақтарға жауапкершілік алып жатқанын көріп отырмыз. Бұл енді тек әкімдік бастамасы емес, шын мәнінде халықтық қозғалысқа айналды. Адамдар ауданын шын жүректен жақсы көреді, оның көркейгенінін қалайды. Осындай белсенділік — біздің басты ресурсымыз», — деді аудан әкімі.

Қалалық жайлы ортаны қалыптастыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Өткен жылы кәсіпкерлермен бірге көріктендірудің 1200-ден астам паспортына қол қойылды, бұл тәжірибе жалғасады. Бизнес өкілдері көгалдандыру мен іргелес аумақтарды күтіп ұстауға, соның ішінде гүлзарлар мен бұталар отырғызуға белсенді қатысуда.

2026 жылы бірқатар жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Олардың қатарында Ғ. Мүсірепов атындағы жасөспірімдер театры алдындағы скверді күрделі жөндеу, Гагарин даңғылы бойындағы бульварды көркейту және жүргіншілер инфрақұрылымын дамыту, соның ішінде Қарасай батыр көшесіндегі аллеяны жаңарту бар. Жұмыстар мемлекеттік сатып алу рәсімдері аяқталғаннан кейін басталады.

Көгалдандыру аясында ауданның сегіз негізгі көшесінің бойына 69 мыңнан астам бұта, сондай-ақ әртүрлі учаскелерге 300 ағаш отырғызылды. Күзде қосымша 140 ірі ағаш отырғызу жоспарланған. Жылдық жоспар 34,2 мың ағаш болса, қазіргі уақытта 6700-ден астам ағаш санитарлық мақсатта кесілді.

«Алмалы ауданы тарихи тұрғыдан қаладағы ең жасыл аудандардың бірі. Біздің міндет — осы мәртебені сақтап қана қоймай, оны арттыру. Көгалдандыру — бір реттік акция емес, жүйелі жұмыс. Біз әр көшені және әрбір жасыл аймақты ескере отырып, кешенді түрде жұмыс жүргіземіз», — деді Арман Шәмшин.

«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасын іске асыру жалғасып келеді. Оның аясында тұрғындар көріктендіру жобаларын өздері ұсынып, таңдайды. 2026 жылы 19 жоба жүзеге асырылады, оның 11-і аулаларды жөндеуге, ал сегізі қоғамдық кеңістіктерді көркейтуге бағытталған.

Сонымен қатар ағымдағы жөндеу аясында 34 ауланы жаңарту жоспарланған. Нысандар тізімі тұрғындардың өтініштері мен жергілікті жерлерде жүргізілген тексерулер негізінде жасалады.

Оқи отырыңыз: Алматының Алмалы ауданында негізгі экономикалық бағыттар бойынша өсім байқалады

Новости партнеров