Дархан Сатыбалды қаладағы жаңартылған нысандар мен мектеп құрылысын тексерді

Қазыбек би көшесінің бойында орналасқан баспана заманауи келбетке келтірілген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда тұрғын үйлердің келбеті жаңарып, білім беру нысандарының қатары көбейіп келеді. Қала әкімі Дархан Сатыбалды бірнеше нысанды тексерді. Қазыбек би көшесіндегі баспананың қасбеті жаңартылса, Алмалы ауданындағы №10 балабақша күрделі жөндеуден өтті. Ал Әуезов ауданында 1200 орындық жаңа мектеп бой көтеріп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қала әкімі алдымен қасбеті жаңартылған тұрғын үй кешеніне барды. Қазыбек би көшесінің бойында орналасқан баспана заманауи келбетке келтірілген. Үйдің балкондары, терезелері, барлығы бірыңғай сәулеттік шешім тапқан.

«Қасбеттің алдыңғы және екі бүйір бөлігін толық жаңарттық. Негізгі монтаж жұмыстары шамамен 2 айға созылды. Сәндік элементтерді, балкондар мен терезе торларын толығымен қалпына келтірдік. Қазір Шашкин көшесі мен Әл-Фараби даңғылының қиылысындағы тұрғын үйдің қасбетін қаптау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Алдағы уақытта осындай жобаларды жүзеге асыруды жалғастырамыз деп үміттенеміз», – деді мердігер ұйымның коммерциялық директоры Оксана Бирюлина.

Сонымен қатар Дархан Сатыбалды Алмалы ауданындағы жаңартылған бөбекжай жұмысымен танысты. Қайта жаңғыртылған балабақшада барлық құрал-жабдық жаңадан жабдықталған. Ойын алаңдары бүлдіршіндердің жас айырмашылығына қарай ретке келтірілген. Мұнда балаларды 11 топқа дейін оқыту жоспарланып отыр.

«Алмалы ауданы бойынша 27 балабақша бар. №10 балабақша күрделі жөнделіп, бүгін қолданысқа беріп отрымыз. Мұнда жаңа талап бойынша бір балаға 2,5 мың квадрат», – деді Алмалы аудандық білім бөлімінің басшысы Бақытбек Қалжанов.

Әкім 1 мың 200 орындық мектеп құрылысын аралап көрді. Әуезов ауданындағы білім ордасы бұрынғы №13 мектеп-гимназия ғимаратының орнына бой көтеріп отыр. Онда 87 оқу кабинеті, информатика, шет тілдері және робототехникаға арналған мамандандырылған кабинеттер мен STEM-зертханасын салу жоспарланған. Мегаполис басшысы жауаптыларға нысанды уақытылы аяқтауды тапсырды.

Бекболат Сатуов, Жақсылық Тлепберген, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Алматыда қоқыс алаңы үлгілі мекенге айналды