Лос-Анджелестен Алматыға: Энрике Иглесиастың жанкүйері кумирін көру үшін арнайы ұшып келді
Жанкүйерлер суретке түсіп, достарымен кездесіп, көптен күткен кешті асыға күтуде
Бүгін кешке Алматының Орталық стадионында испаниялық әнші, латын музыкасының жұлдызы Энрике Иглесиастың концерті өтеді. Әлемге әйгілі әншінің өнерін тамашалау үшін Қазақстанның түкпір-түкпірінен және шетелден жанкүйерлер Алматыға арнайы келіп жатыр, - деп хабарлайды Almaty.tv.
Солардың бірі - Лос-Анджелестен арнайы ұшып келген Кристина. Ол Энрике Иглесиастың әндерін мектеп кезінен бері тыңдап келеді. Кристина сүйікті әншісін сахнадан көру және жастық шағын еске салатын сүйікті әндерін жанды дауыста тыңдау үшін Алматыға келген.
«Мен Алматыға алғаш рет келіп отырған жоқпын. Бұл қала маған өте ұнайды. Алматы өте әдемі әрі жасыл қала, мұнда ерекше көңіл-күй бар. Осындай әлемдік деңгейдегі жұлдыздың концерті дәл осы қалада өтіп жатқанына өте қуаныштымын», - дейді Кристина.
Концерт басталмай жатып-ақ Орталық стадион маңында мерекелік көңіл-күй сезіледі. Жанкүйерлер суретке түсіп, достарымен кездесіп, көптен күткен кешті асыға күтуде. Бірер сағаттан кейін Алматы тұрғындары мен қала қонақтары Энрике Иглесиастың көпшілік сүйіп тыңдайтын әндерін бірге шырқайтын болады.
Оқи отырыңыз: Алматыда жылу магистралін қайта жаңғыртуға байланысты Арықов көшесіндегі қозғалыс уақытша шектеледі