Алматыда шала туған сәбилердің аналары балаларын аман алып қалған дәрігерлермен кездесті

Фото: Городской перинатальный центр №2
Фото: Городской перинатальный центр №2
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласындағы №2 қалалық перинаталдық орталықта Дүниежүзілік шала туған балалар күніне орай ашық есік күні ұйымдастырылды. Іс-шараға кезінде мерзімінен бұрын дүниеге келіп, осы орталықта күтім мен медициналық көмек алған сәбилер мен олардың аналары шақырылды, - деп хабарлайды Almaty.tv.

Іс-шараға қатысушыларды орталық директоры Светлана Рахимова қарсы алды. Ол аналар мен балаларды мерекемен құттықтап, сәбилерге зор денсаулық тіледі. Сондай-ақ медицина қызметкерлеріне жанқиярлық еңбегі, кәсіби біліктілігі және өз ісіне деген адалдығы үшін алғыс білдірді.

Аналар үшін бұл кездесу ерекше оқиғаға айналды. Олар бір кездері ең қымбат жандарын сеніп тапсырған дәрігерлер мен мейіргерлерді қайта көріп, балаларының өмірін сақтап қалғандары үшін жеке алғыстарын білдіруге мүмкіндік алды.

Іс-шара барысында ата-аналарға вакцинация және бронхөкпелік дисплазия (БӨД) мәселелері бойынша дәрістер оқылып, сәбилерге медициналық тексерулер жүргізілді. Қонақтар үшін викториналар мен жүлделер ұтысы ұйымдастырылды. Орталық әкімшілігі он анаға сыйлықтар табыстады. Мерекелік іс-шара жылы әрі шынайы ықыласқа толы атмосферада өтті.

2026 жылдың 10 айында орталықта дене салмағы 1 500 грамнан төмен 75 шала туған нәресте дүниеге келді. Олардың 24-інің салмағы 1 000 грамнан төмен болды.

Таныстырылған пациенттердің ішіндегі ең кішкентайы жүктіліктің 26-аптасында небәрі 679 грамм салмақпен дүниеге келген. Ол орталықта 87 күн болды. Ал салмағы 700 грамм болған тағы бір сәби мамандардың бақылауында 88 күн ем қабылдады.

Осындай әрбір оқиғаның артында неонатолог дәрігерлердің, реаниматологтардың, мейіргерлердің және орталықтың бүкіл ұжымының орасан зор еңбегі жатыр. Олардың білімі, қамқорлығы мен кәсіби жанкештілігі ең кішкентай пациенттерге өмір жолындағы алғашқы әрі ең күрделі сынақтардан өтуге көмектеседі.

Дүниежүзілік шала туған балалар күні – мерзімінен бұрын дүниеге келген сәбилердің өмірін сақтап қалу үшін күн сайын күресіп, осы қиын жолда олардың отбасыларына қолдау көрсетіп жүрген барша медицина қызметкерлеріне алғыс білдірудің тағы бір мүмкіндігі.