Елімізде киік санағы басталды. Тура бір ай бойы мамандар сайын даланың серкесі ақбөкендердің санын анықтау жұмыстарын жүргізеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алдын ала есеп бойынша биыл олардың саны 1 миллионнан асады деген болжам бар. Алайда жануардың мүйізіне қызығып, атып алудан тайынбайтын қаскөйлерден төнген қауіп те азаяр емес. Қазір олардың төлдейтін уақыты. Яғни есепке алуға нағыз ыңғайлы кезең. Біз тұрған Бетпақдала популяциясында өткен жылы 300 мыңға жуық ақбөкен тіркелген. Биыл олардың саны одан да көп болады деп болжам жасап отыр мамандар. Қазір күнделікті жануарларды әуеден бақылап, санау жұмыстарын жүргізуде.
Мамандар жылына бір рет дәл осылай ақбөкендерді әуеден барлайды. Арнайы құрылғы арқылы киіктердің саны анықталады. Бетпақдала популяциясы ақбөкендер санының көптігімен ерекшеленеді. Құрамына Қарағанды, Ақмола, Павлодар, Қостанай облыстары кіреді. Жалпы аумағы - 56 миллион гектар жер. Сол себепті бұл өңірлерде браконьерлік қылмыс та тыйылмай тұр. Мамандардың айтуынша, қаскөйлер де қорықшылардан қалыс қалмай заманауи құралдармен қаруланып алған.
«Браконьерлердің барлығы қазір машиналары да, қару-жарақтары да, киім үлгілері де заманауи. Оның себебі, мүмкіндіктері көп. Сондықтан біз қуып жету үшін кезіндегі ескі УАЗ-терден, бәрінен, құтылып, осындай тойота джиптерді, Ланкрузер 76 көліктерін біздің мекеме алып, инспекторларға беріп жатыр», – деді «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК орталық өңірлік филиалының басшысы Шындос Омаров.
Жалпы киіктердің мекен етуі Бетпақдала, Үстірт және Орал популяцияларына бөлінеді. Бұл – еліміздің барлық өңірлері ақбөкендер мекеніне айналып жатқанының айғағы. Биыл әуеде киіктерге санақ жүргізу үшін 200 сағат бөлінген.
«Жылдағыдай көктемгі наурыз бен сәуір айында ғылыми негіздемелерге байланысты осы санақтар жүреді. Неге көктемде санақ деп айтуларыңыз мүмкін? Неге десеңіздер, киіктің сыртындағы жүні қыстың күні 7 сантиметрге дейін өсуі мүмкін. Сол себепті қазіргі көктемде жердің барлығы көк, киіктің үсті ақ. Сол себепті нағыз санақ жүргізетін уақыт осы уақыт», – деді «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК бөлім басшысы Бақтияр Рамазанов.
Айта кетейік, өткен жылы киіктердің саны 842 мыңнан асқан. Ал биыл 1,5 миллионға жуықтауы мүмкін деген болжам жасалды. Бұл қуанарлық жағдай болғанымен, шаруалар ақбөкендер ауылшаруашылық жерлерін жайлап, отап жатыр деген шағымдарын айта бастапты. Өз кезегінде «Охотзоопром» мемлекеттік мекемесінің мамандары бұл мәселенің туындауына жер бөлгенде жабайы жануарлардың жайылым орындарын елеп-ескермеген жергілікті әкімдіктер кінәлі деп отыр.
Асылбек Тойбек, Данияр Омар, «Алматы» телеларнасы