|
30.10.2020 | 20:00
4720

Алматыда "ЖЭО-2"-ні көгілдір газға көшіру бойынша қоғамдық тыңдау өтті – ескіні жаңарту тиімді ме

5 жылға созылатын жөндеу аяқталса, ауаға тарайтын улы газдар 5,5 есеге азаяды

Алматыда "ЖЭО-2"-ні көгілдір газға көшіру бойынша қоғамдық тыңдау өтті – ескіні жаңарту тиімді ме Almaty.tv

Алматыда 2-жылу электр орталығын көгілдір газға көшіру бойынша қоғамдық тыңдау өтті. Жиналғандар жобаның нәтижелігі мен экономикалық тұрғыдан тиімділігіне баға берді. Бастысы қабылданған жобаның экологияға тигізер пайдасы орасан зор. 5 жылға созылатын жөндеу аяқталса, ауаға тарайтын улы газдар 5,5 есеге азаяды. Сонда халықтың денсаулығына да төнетін қауіп-қатер көрсеткіші төмендейді. Мәселенің анық-қанығын Almaty.tv тілшісі Жадыра Омаржан біліп қайтты.

Алматыда орналасқан 2-жылу электр орталығы халықтың 64 пайызын, заңды тұлғалардың 36 пайызын жылумен қамтамасыз етіп отырған ең ірі кешен. Станса сегіз энергетикалық қазандықпен жабдықталған. Негізгі отын ретінде Екібастұздың тас көмірін пайдаланады. Алып шаһарды жылыту үшін бір жылда шамамен 2,5 млн.тонна көмір жағылады екен. Осылайша, кешеннен шығатын зиянды заттар қаладағы экологиялық ахуалдың ушығуына себепші болып отыр.

«Өздеріңіз білетіндей, Алматыда қашанда экология мәселесі өзекті. Әсіресе, 2-жылу электр орталығынан шығатын улы заттар қаланың ауасын ластап жатыр. Бірақ кешеннің атқаратын маңызды қызметі бар. Станса қала тұрғындарының 50 пайыздан астамын жылу және электр энергиясымен қамтып отыр. Біз 2019 жылы жоба жасауға тендер жарияладық. Бұл процесс кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Бүгін халықпен қоғамдық тыңдау жүргіздік. Оған қаланың тағдырына алаңдайтын қала тұрғындары онлайн қатысуға мүмкіндік алды», – деді  «АЛЭС» АҚ даму жөніндегі басқарушы директоры Газий Исмухамбетов.

2-жылу электр орталығын жаңғырту – қоршаған ортаға мейлінше зиянды заттардың тарамауына септеседі. 2025 жылдың соңында аяқталатын жобаның аясында қолданыстағы қазандықтар толықтай жаңартылады. Жобаны жасаушылар ескі дүниені жамамай оның орнына жаңасын қою оңтайлы шешім екенін айтады. Сонда қайта жөндеуге шығын шықпайды. Мамандар заманауи құрылғылар кемінде 40 жыл тоқтаусыз қызмет етеді деп отыр. Жылу электр орталығын қайта жасау жобасына 98 миллиард 300 миллион теңге қажет.

«Біз жобаны барынша барлық жағыннан тиімді болуын қарастырдық. Әрине, улы заттардан толықтай құтылу мүмкін емес. Дегенмен көрсеткіш айтарлықтай төмендейді. Қайта жаңғырту кезінде халық жылу мен жарықсыз қалмайды. Жылына 2 жылу қазандығынан жасап отыру ұсынылды. 2022 жылдан бастап жөндеу жұмыстары басталуы мүмкін», – деді «ҚАЗЭНЕРГОӨНЕРКӘСІПТІКҒЗЖІ» институты» АҚ бас инженері Максим Васильев.

Енді қоғамдық тыңдаудан кейін келесі кезеңде жобаға экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық және мемлекеттік ведомстводан тыс сараптама жасалады.

Жобаны жасағандар ең ұтымды шешімдерді қабылдағанына сенімді. Өйткені ескіні жаңарту тиімді дейді. Мысалы, жаңа жылу электр орталығын салуға 500 миллиард теңгедей қаражат керек.

Жадыра Омаржан, Ескендір Тоғыспаев, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир