Алматыда жасыл желектер жаңа әдіспен суарылады

Алматыда жасыл желектер жаңа әдіспен суарылады
«Тамшылатып-суару» деп аталатын бірегей технология - орманды алқаптарды тазартылған сумен суарып қана қоймай, ағаштарды қажетті тыңайтқыштармен нәрлендіреді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жасыл желектер жаңа әдіспен суарыла бастады. «Тамшылатып-суару» деп аталатын бірегей технология - орманды алқаптарды тазартылған сумен суарып қана қоймай, ағаштарды қажетті тыңайтқыштармен нәрлендіреді. Бүгінде Алатау ауданында бастау алған бұл шаруа Қарағайлы орманы мен Қайыңды тоғайында жүзеге асып, оң нәтиже беруде. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіттің бейнематериалында.

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бастамасымен қолға алынған «1 миллион түп ағаш» науқанында Қарағайлы орманына 5 жарым мың қарағай талы егілген еді. Кейін мұнда «Жұмыспен қамту» жол картасы аясында қосымша сквер де салынған. Ал, жаз мезгілінде отырғызылған жасыл желектерге ерекше күтім қажет. Осы ретте, ағаштарды суару үшін «Жасыл экономика» басқармасының қатысуымен алқапта арнайы ұңғыма қазылды. Одан бөлек, игі бастаманы қолдаған мердігер мекеме жаңа құрылғы орнатқан.

Ағаштарды суғаруға арналған бұл ұңғыманың тереңдігі 200 метрге жетеді. Ал, оның су сорғышы 130 метр тереңдікте жатыр. Дәл осы ұңғыма арқылы жер астынан тартылған су жанында орналасқан мына екі су жинағыш бөшкенің ішіне келіп құйылып, сонда тазартылады. Сондай-ақ, жасыл желектерге нәр беретін тыңайтқыштарды да қосып, сурауға болады екен. Әрқайсысының сыйымдылығы 25 текше метрге жетеді. Мамандардың айтуынша бұл құрылғы толық автоматтандырылған. Яғни, қосымша жұмыс күшін талап етпейді. Сонымен қатар, бюджеттегі ақшаны да үнемдеуге мүмкіндік береді.  

«Тамшылы-суару» деп аталатын жаңа технология әр талдың түбіне су жеткізеді. Сондай-ақ, жасыл желектер күніне 2 мәрте автоматты түрде суарылады.

«Су қазір ыстықта көп тұрады. Ауа райының ыстығына бұл өте тиімді, пайдасы тамшылау әдісі болады. Қанша техникалардың орнына мысалы тек қана бір ұңғыма жұмыс жасап тұр. Азғантай жұмысшыларменен, тиімді жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Барлығы автоматтандырылған, уақытында суарылады, уақытында өзі өшеді», – деді «Қазақ саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігі директорының орынбасары Бақытжан Қосжанов.

Алдағы уақытта бұл шаруа оң нәтижие берсе, орман жасыл қалпында сақталып, өзіндік микроклимат қалыптастырады дейді экологтар.

«Бұл су жинағыш бөшкелердің ерекшелігі ұңғымадан жиналған суды жылытады. Физиканың заңдылығы бойынша, салқын су ыстық температурада буланып, тез кеуіп кетеді. Ал, егер су қайнатылса, онда ол салқын су секілді тез кеппейді. Сәйкесінше, суды үнемдеуге мүмкіндік береді. Одан бөлек, электр жүйесі өшіп, тоқ келмей қалса да, осы құрылғымен ары қарай суара беруге болады, – деді қалалық қоғамдық кеңес мүшесі, эколог Тимур Елеусізов.

Бүгінде тек Алатау ауданында бастау алған бұл шаруа Қайыңды тоғайында да жүзеге асуда. Одан бөлек, Сақ қорғандарындағы жасыл желектер де суарылмақ. Ал, алдағы уақытта мердігерлер дәл осы жаңа технологиямен суаруды Медеу, Жетісу, Наурызбай аудандарында да жүзеге асыруды көздеп отыр.  

Аяулым Көлжігіт, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров