|
12.03.2024 | 11:00
3376

Қаңтар-ақпан айларында Қазақстан экономикасының өсуі 4,2%-ды құрады

Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров мәлімдеді

Қаңтар-ақпан айларында Қазақстан экономикасының өсуі 4,2%-ды құрады Алматы әкімдігі / пресс-служба акима Алматы

Үкімет отырысында 2024 жылғы қаңтар-ақпан айларындағы елдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров есепті кезеңде Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,2%-ды құрағанын мәлімдеді. Қаңтарда көрсеткіш 3,9% болған.

Нақты сектордағы оң динамика 5,1%-ға, қызмет көрсету саласындағы динамика 3,5%-ға жетті. Салалар арасында құрылыс, ақпарат және байланыс, көлік және қоймалау, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі ең жақсы өсімді көрсетіп отыр.

Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 7,9%-ды құрады. Олардың көлемі құрылыста 2,7 есеге, білім беруде 56%-ға, көлік пен қоймалауда 47%-ға, ақпарат пен байланыста 45%-ға, өңдеу өнеркәсібінде 37%-ға, ауыл шаруашылығында 12%-ға өсті.

Алдын ала қорытындылар бойынша 2024 жылғы қаңтарда республиканың сыртқы сауда айналымы $10 млрд-тан асты. Экспорт шамамен $6 млрд-ты құрады, ондағы өңделген тауарлар экспорты $1,6 млрд, ал тауарлар импорты $4 млрд болды. Жалпы ҚР-ның оң сауда балансы $1,7 млрд-қа тең.

Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, мемлекеттік бюджетке 3,2 трлн теңге кіріс түсті – жоспар 102,5%-ға орындалды. Республикалық бюджет 1,9 трлн теңгеге, жергілікті бюджеттер 1,3 трлн теңгеге толықтырылды. Есепті кезеңдегі мемлекеттік бюджет шығыстары 96,6%-ға орындалды.

Премьер-Министрдің айтуынша, барлық негізгі макрокөрсеткіш Қызылорда, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Абай облыстары мен Астана қаласында өсті. Ең төмен көрсеткіштер Маңғыстау, Атырау, Ақмола облыстары мен Алматы қаласында байқалып отыр.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов және Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев өңірлерге инвестициялар тарту, құрылыс қарқынын арттыру, ауыл шаруашылығын және басқа да салаларды дамыту жөніндегі шаралар туралы баяндама жасады.

Үкімет басшысы қазіргі таңда өсу қарқыны сақталып отырғанын, дегенмен динамиканы арттыра түсу қажет екенін айтты.

«Министрліктер мен өңірлердің бірінші басшылары Жоспарды сапалы әрі уақытылы іске асыру үшін қажетті шараларды қабылдауға тиіс. Үкімет жұмыла жұмыс істеп, экономиканың барлық саласы тиімді үйлестіруі керек», — деді Олжас Бектенов.

Премьер-Министр әрі қарай инфляциялық қысымды төмендету керектігіне назар аударды. Екі айдың қорытындысы бойынша инфляция жылдық мәнде баяулап, 9,3%-ды құрады. Бұл ретте Үкімет пен Ұлттық Банктің алдында оны 8%-дан төмен ұстап тұру міндеті тұр.

«Күріш, жұмыртқа, жемістер, сусындар, сары май және макарон өнімдерінің бағасы қымбаттаған. Көріп отырғанымыздай, бағасы өсіп кеткен позициялардың саны едәуір көп. Демек бұл орталық және жергілікті атқарушы органдар тарапынан қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіз екенін көрсетеді», — деді Үкімет басшысы.

Жалпы өңірлер арасында инфляцияның ең көп өсуі Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында тіркеліп отыр.

«Егер өңірлер жергілікті жерде инфляцияны төмендету бойынша қажетті шаралар қабылдамаса, тиісті шешім қабылдау үшін маған дереу баяндауыңызды сұраймын», — деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысының айтуынша, осы бағыттағы жұмыста тұрақтандыру қорлары, форвардтық және оффтейк-келісімшарттар, өнім құнын арзандатуды субсидиялау, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша сауда субъектілерімен келісімдер жасау сияқты пәрменді тетіктерді белсенді пайдалану керек.

Сонымен қатар импортқа тәуелді өнім өндірісін кеңейту және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіруге арналған басым дақылдардың егіс алқаптарын ұлғайту қажет.

«Әкімдер делдалдық схемаларды анықтау жөніндегі өңірлік комиссиялар жұмысының тиімділігін арттыруға тиіс. Орталық және жергілікті атқарушы органдарға Инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін сапалы орындауды тапсырамын», — деді Премьер-Министр.

Сондай-ақ Олжас Бектенов инвестициялар тарту үшін дайын инфрақұрылымның қолжетімді болуын қамтамасыз ету маңызды екенін айтты. Қазіргі кезде тозу деңгейін азайту үшін электрмен, жылумен және сумен жабдықтау желілерінде белсенді түрде жұмыс жүргізілуде.

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жөндеу және реконструкциялау жөніндегі барлық іс-шара сапалы жүзеге асырылып, уақтылы аяқталуға тиіс. Бұл ретте сатып алу барысында отандық өндірушілерді қолдауға барынша басымдық берілуі қажет. Сондай-ақ әзірленіп жатқан Ұлттық инфрақұрылымдық жоспарда тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерін нығайтуға бағытталған жобаларды көздеген жөн», — деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, экономикалық саясат басымдықтарының бірі – мемлекеттің экономикадағы үлесін кезең-кезеңмен қысқарту және баршаға тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету. Осы саясатты іске асыру кешенді жекешелендіру және мемлекетке тән емес функцияларды бәсекелестік ортаға беру арқылы сүйемелденуге тиіс.

«Біз мемлекеттің экономикадағы үлесін 2025 жылдың соңына қарай Жалпы ішкі өнімнің 14%-ына дейін қысқартуға тиіспіз. Биыл Кешенді жекешелендіру жоспарын 90%-ға іске асыру қажет», — деді Олжас Бектенов.

Қорытындылай келе, Премьер-Министр Мемлекет басшысының экономиканы ырықтандыру жөніндегі тапсырмасының сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды. Бұл шаралар нарықтық бәсекелестікті дамытуға, жекешелендіруді тиімді жүргізуге және квазимемлекеттік секторды реформалауға бағытталуға тиіс.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда өңірлік кадр резервтеріне іріктеу басталды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир